"Шок болдық". Жәнібек Әлімханұлының менеджері мәлімдеме жасады

Дастан Кенжалин

Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulyssport.

Фото: instagram

ТОЛЫҒЫРАҚ

Берік Сұлтанның сөзінше, допинг дауынан кейін жанкүйерлер тарапынан сұрақ көбейген. 

МӘСЕЛЕ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ

Менеджердің сөзінше, дүниежүзілік допингке қарсы агенттік анализ алған. Бірінші анализде зәр мен қанға талдау жасалған. 

- Сөйтіп бәрі тап таза деді. Біз допингке қарсымыз. Оны қолдану – қарсыласқа жасалған зұлымдық деп есептейміз. Арада біршама уақыт өткен соң қайтадан келіп, тек зәрдің анализін алды. Жекпе-жекке ұшайын деп тұрған кезде, үш күн қалғанда даулы мәселе болды. Біз шок болдық. Менің түсінбегенім: бірінші анализ таза, екінші осындай болып тұр, –  дейді Берік Сұлтан. 

Оның сөзінше, сол аралықта бұрынғы тамақ, дәруменді ішіп жүрген. 

- Тіпті жаңа витамин сатып алған жоқпыз. Қораптың астында қалғаны жететін еді бізге. Соны пайдаландық. Кейін дәрумендерді де тексертіп алдық, ешқандай мәселе болмады. Неге бұлай болды, кім істеді, қалай болды? Бұл сұраққа жауап жоқ, ішпей-жемей, осындайға тап болдық, – дейді боксшының менеджері. 

ЕНДІ НЕ БОЛМАҚ

Берік Сұлтанның сөзінше, енді екінші сынама ашылады. 

- Екінші зәрінен алған анализді екіге бөліп, сақтап қояды екен. Сол екіншісін ашады. Ол қаңтар айының 8-і ашылады, мұны Кәсіпқой бокс федерациясы жариялады. Оған дейін ешнәрсе жасай алмаймыз. Бәрімен мамандар айналысып жатыр. Жәнібек те ештеңе істей алмайды, – дейді Берік Сұлтан. 

Заңгерлер қазіргі уақытта тиісті органдарға хат жолдап жатыр. 

“КОМАНДАНЫ АУЫСТЫРУ КЕРЕК”

Берік Сұлтан “Жәнібекке команда ауыстыру керек” деген пікірлерге қатысты ойын айтты. 

- Біздің команда өте үлкен. Оларды видеоға түсіріп, ел-жұртқа көрсетуге уақыт болмай жатады. Осы командамен екі дүркін әлем чемпионы болдық. Біздің команда әлсіз болса, мұндай жетістікке жетпейтін еді, – дейді менеджер. 

ЕКІ МӘСЕЛЕ

Ол енді не болатыны – уақыттың еншісінде екенін айтады. 

- Екі мәселе күтіп тұр: 8 қаңтарда сынаманы ашады. Таза болып шықса, екі титулдан айырмай, қайтадан мансабымызды жалғастыра береміз. Осыған үміттеніп отырмыз. Егер зәрден допинг анықталса, Жәнібекті екі титулынан айырады және алты ай немесе 1,5 жылға дейін бокстан шеттетеді, – дейді Берік Сұлтан. 

КОНТЕКСТ

Еске салайық, желтоқсан айының басында WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы қазақстандық әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы допинг сынамасын тапсырғаннан кейін жанжалға іліккен еді.

Оның қанынан тыйым салынған препарат — мельдоний анықталған. Осыған байланысты кубалық Эрисланди Лараға қарсы үшінші WBA титулы үшін өтуі тиіс жекпе-жек тоқтатылды.