Әйгілі қазақстандық былғары қолғап шебері әзір шаршы алаңға шықпайды, деп хабарлайды Ulyssport.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қазақстан кәсіпқой боксы федерациясының президенті Рахымжан Ерденбековтің айтуынша, допинг ісіне қатысты тыңдаулар барысында Әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы уақытша жекпе-жектерден шеттетілді.
«Жәнібекке көптеген сұрақтар қойылды. Сәуір айынан бастап біз оның өмір жолын, осы жағдайға дейінгі кезеңін толық тыңдадық. Кеше жаңа деректер анықталды, бірақ оларды әзірге жариялай алмаймын. Тыңдаулар 23 қаңтарда жалғасады.Барлық материалдар қаралған соң Дүниежүзілік бокс ұйымы (World Boxing Organization – WBO), Халықаралық бокс федерациясы (International Boxing Federation – IBF) және басқа да ұйымдарға жолданады. Олар Әлімханұлының чемпиондық атақтарын сақтап қалу немесе айыру жөнінде шешім қабылдайды. Ал әзірге тыңдаулар аяқталғанша ол жекпе-жектерге қатыса алмайды», – деді Ерденбеков.
ДОПИНГ ІСІНІҢ ДЕРЕКТЕРІ
Өткен жылдың желтоқсан айында қазақстандық боксшының сынамасынан мельдоний анықталған болатын. Осыған байланысты оның үш чемпиондық белбеу үшін кубалық Эрисланди Лараға қарсы жоспарланған жекпе-жегі тоқтатылды.
8 қаңтарда «B» сынамасы ашылып, қайта тексерілді. Бүгін Ерденбековтің айтуынша, нәтижесінде Әлімханұлының қанынан тағы да тыйым салынған зат табылған.