Жәнібек Әлімханұлы рингке қайта оралады

Редакция Ulyssport

Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан қазақстандық боксшыға қатысты ресми шешім шыққан жағдайда ғана дисквалификациядан кейін қайтадан рингке оралатынын айтты, деп хабарлайды Ulyssport

Ашық дереккөзден

СЫН МЕН ҚОЛДАУҒА ЖАУАП

Берік Сұлтан өз сөзінде сынағандарға жауап берген.

«Біздің мансабымызға нүкте қойып жатқан адамдарға айтарымыз бар: не жазсаңыздар да, қанша пікір қалдырсаңыздар да, біздің жауабымыз біреу — ит үреді, керуен көшеді. Хейт пен сын — қалыпты нәрсе, өйткені бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Біздің сәтсіздігімізге қуанғандар, бізге енді жол жоқ деп ойлағандар қателеседі. Біз сынбадық, бәрі алда. Алла қаласа, барлық тексерулердің нәтижесін күтіп отырмыз, әзірге ресми ақпарат жоқ. Қазір Жанибек ешқандай шеттетілген жоқ, ол әлі чемпион. Ресми шешім шыққан соң ғана нақты әрекет жасалады» – деп жазды. 

ЖАНКҮЙЕРЛЕРГЕ ҮНДЕУ

«Бізді қолдайтындарға айтарым: иә, мұндай жағдай болды, бірақ біз сынбадық, керісінше күшейдік. Біз міндетті түрде қайта ораламыз. Мысалы, 38 жасында Кроуфорд „Канело“ны жеңді. Бивол, Усик, Иноуэ — бәрі тәжірибелі, тіпті Лара 40-тан асқан. Ал Жанибектің жасы небәрі 33. Егер жарты жылға немесе бір жылға дисквалификация берсе де — біз қайта келеміз. „Kazakh Style“ рингте әлі жарқырайды. Алла қаласа, ең жақсысы әлі алда. Сіздер де көңіл түсірмеңіздер: біздің мұңайғанымыздан анализ нәтижесі өзгермейді. Біз жұмыс істеп, алға жылжып келеміз. Рахмет», — деді Сұлтан өзінің Instagram парақшасында.

ЖӘНІБЕКТІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ

Жәнібек Әлімханұлы қазіргі таңда Қазақстаннан шыққан жалғыз қос белбеу иегері — Халықаралық бокс федерациясы (International Boxing Federation — IBF) және Дүниежүзілік бокс ұйымы (World Boxing Organization — WBO) чемпиондары қатарында. Әуесқой бокста ол 2013 жылы Әлем чемпионы және Азия чемпионы атанған. Кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегін 2016 жылы өткізді. Оның рекорды — 17 жекпе-жек, 17 жеңіс, соның ішінде 12-сі нокаутпен аяқталған.

ДОПИНГ ЖАҒДАЙЫ

2025 жылдың желтоқсан айының басында боксшының қанынан тыйым салынған зат табылды. Бұл дерек допинг сынамасының «B» үлгісін ашып қарағаннан кейін расталды. Қазіргі уақытта осы оқиғаға байланысты ресми шешім күтілуде.