Джокович: Алтын үшін жүрегімді, тәнімді, жанымды, отбасымды бәске тіктім

Ерик Ильясов

Аңыз теннисші Новак Джокович (37 жас, Сербия) үшін Олимпиада ойындары осыған дейін сәтсіз болды. Теннисте ең көп рекорд жасаған спортшы 2008 жылы Пекин Олимпиадасында қола жүлдегер атанып, жеңіс тұғырына бір-ақ рет көтерілген еді. Лондон мен Токиода төртінші орын алса, Риода тіпті бірінші айналымнан өте алмады. Алайда Парижде Джокович соңғы арманын орындап, алтын алды!

Тарихи финалды ulyssport.kz тілшісі тамашалады.

Ашық дереккөз

Сәтсіз сезон. Жарақат. Отан.

Новак Джоковичке Париж алтыны оңай келмеді. 24 дүркін Үлкен дулыға турнирінің иегері (рекорд), 428 апта бойы әлемнің бірінші ракеткасы (рекорд) былтыр спорттық мансабындағы ең тамаша жылын өткізді. Төрт Үлкен дулыға турнирінің төртеуінде де финалға шығып, үшеуін жеңді, жыл соңында қатарынан екі Мастерс турнирі мен жылдың Қорытынды турнирін ұтты. Сәйкесінше спорт саласындағы ең беделді Laureus жүлдесінің “Жыл спортшысы” атағын алды.

2024 жыл. Олимпиада сезоны. Теннисші үшін күтпеген жерден сәтсіздіктер басталды: Аустралия ашық біріншілігінің жартылай финалындағы, Индиан Уэлс (АҚШ), Монте Карло және Рим Мастерс турнирлеріндегі жеңілістер, Ролан Гарроста алған жарақат, маусым айында тізесіне жасалған ота, сондай-ақ Уимблдон финалындағы жеңіліс.

Спорттық мансабында жылдың алғашқы жарты жылдығында ылғи кемінде бір жарыста жүлделі болған теннисшіні осындай сәтсіздіктерден соң, теннис сарапшылары фавориттер тізімінен сызып тастады. Тіпті енді ешқандай титул алмауы мүмкін деген пікірлер де пайда болды. Алайда Балқан баласы о баста жетіспей тұрған жалғыз жүлде – Олимпиаданың алтын медалін көздеген екен. Ол төрт жылда бір-ақ рет  келетін мүмкіндіктің тағы болмайтынын түсінді.

Әрине, алтын алғым келеді. Мен барымды саламын. Олимпиадада үш рет жартылай финалда жеңілдім. Финалға шығу үшін қолымнан келгеннің бәрін істедім. Енді тәуекелге барамын. Отаныма алтын алып беру – арманым, - деді Джокович Италия теннисшісі Музеттиге қарсы ойнаған жартылай финалдық матчтан соң.

Тарихи финал

4 тамыз. Түскі сағат 14:00. 16 мың көрермені бар Ролан Гаррос стадионының Филипп Шатрие кортында Олимпиада тарихындағы ең жас теннисші 21 жасар Карлос Алькарас (Испания) пен жасы жағынан ең үлкен Новак Джокович. Ақтық ойынды көру үшін Халықаралық Олимпиада Комитетінің Президенті Томас Бах пен әйелдер теннисінің аңыз есімі Серена Уильямс арнайы келген.

Матч басталды. Алғашқы сет 1 сағат 34 минутқа созылды. Екі спортшы да бір-біріне брейк жасай алмады. Бірінші сеттің нәтижесі тай-брейкте белгілі болып, (7:3) сербтің пайдасына шешілді. Екінші сетте испан спортшысы біраз қобалжыды, бірақ екі ойыннан кейін бастаманы өз қолына алды. Брейк жасауға бірнеше мүмкіндігі болды. Алайда бұл тәжірибелі Новактың тактикалық әдісі еді. Жас жігітке айласын асыруға мүмкіндік бермеді. Шешуші сеттің нәтижесі  тағы да тай-брейкте белгілі болды (7:2). Қорытынды есеп 7:6 (7:3), 7:6 (7:2). Париж Олимпиадасының алтын медаль иегері – Новак Джокович.

Қалай тойлады?

Жеңіске жеткеніне көзі жеткен Новак ракеткасын жерге лақтырып, көз жасына ерік берді. Сосын 2 сағат 52 минут бойы бір кортты бөліскен қарсыласының қолын алып:

Сен әлі жассың. Небәрі 21. Әлі алда талай Олимпиада күтіп тұр,- деп құшақтады.

 

Тізесін жерге тигізіп, әрі қарай жылады. Стадион Новактың орнынан тұрғанын күтіп шулап жатыр. Теннисші орнынан тұрып, көз-жасын сүлгімен сүртіп, командасына қарай жүгірді. Ол жерде екі баласы (ұлы Стефан, қызы Тара), әйелі және туысқандары күтіп тұрды. Ең бірінші алты жасар қызын құшақтап, біраз тұрды. Отанының туын алып, жанкүйерлерінің алдында стадионды бір шарлап шықты. Дәл осы кезде Карлос Алькарас журналистерге сұхбат беріп жатты. Алғашқы Олимпиадасында күмісті қанағат тұтпаған теннисші жылап жіберіп, сұхбатын тәмамдай алмады.

37 жасымда Олимпиада алтынын алу үшін жүрегімді, тәнімді, отбасымды, бәрін-бәрін бәске тіктім. Бұл менің соңғы мүмкіндігім еді. Мансабымдағы ең бақытты сәт. Мен мұнымен тоқтағым келмейді. Төрт жылдан соң өтетін Лос-Анджелес Олимпиадасына қатысқым келеді. Теннис менің өмірім,- деді Париж Олимпиадасының чемпионы.

Ұлылардың ұлысы

Новак Джокович теннисте жеңуге болатын барлық турнирді ұтқан жалғыз спортшы. Кешеге дейін тек Олимпиада алтыны жетіспей тұрды. Оны да жеңді. Әріптестері Роджер Федерер (Швейцария) мен Рафаэль Надальді (Испания) тағы да басып озды. Осылайша тарихи финалда жеңіске жеткен Джокович тарихтағы ең ұлы теннисші деген атаққа ие болды.

Айтпақшы Новак дәл осы Париж Олимпиадасының екінші айналымында 14 дүркін Ролан Гаррос чемпионы, топырақ төсенішінің королі Надальді 6:1, 6:4 есебімен ұтты.

Сербия Олимпиада ауылындағы той

Теннистегі Новактың алтыны Сербия құрамасының қоржынына түскен екінші медаль, екеуі де алтын. Қуанышы қойнына сыймаған спортшы стадион сыртында жанкүйерлерімен кездесіп, жас баладай тойлады. Сербия Президентінің құттықтауын телефон арқылы алып, әрі қарай Сен-Дениде орналасқан Олимпиада ауылына барып, жерлестерімен кездесті. Бірге ән айтып, би биледі, қалған спортшыларға мотивация болды. Белград қаласындағы ең биік ғимаратта даңқты спортшының суреті түні бойы көрсетілді.

Баспасөз конференциясында журналистің:  “Сіз бәрін жеңдіңіз. Ендігі жоспарыңыз қандай? Сербия Президенті болу ма?” деген сұрағына:

Мен қазіргі орныма, миссияма, жағдайыма разымын (күлді).

 

Париж Олимпиадасының теннистен бойынша жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

Жекелей сында ерлер:

🥇 Новак Джокович 🇷🇸

🥈 Карлос Алькарас 🇪🇸

🥉 Лоренцо Музетти 🇮🇹

Жекелей сында әйелдер:

🥇 Чжэн Циньвэнь 🇨🇳

🥈 Донна Векич 🇭🇷

🥉 Ига Швёнтек 🇵🇱

Жұптық сында ерлер:

🥇 Эбден/Пирс 🇦🇺

🥈 Крайчек/Рам 🇺🇸

🥉 Фриц/Пол 🇺🇸

Жұптық сында әйелдер:

🥇 Паолини/Эррани 🇮🇹

🥈 Андреева/Шнайдер  (бейтарап)

🥉 Букша/Соррибес-Тормо 🇪🇸

Аралас сында:

🥇 Синякова/Махач 🇨🇿

🥈 Ван Синьюй/Чжан Чжичжэнь 🇨🇳

🥉 Дабровски/Оже-Альяссим 🇨🇦