Тоқаев Париж Олимпиадасына қатысатындарға Мемлекеттік туды тапсырды

Редакция Ulyssport

Президент ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрама командасының мүшелеріне Мемлекеттік туды тапсырды, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрама спортшыларымен кездесуде Парижде басталатын дүбірлі доданы бүкіл әлем асыға күтетінін әрі оған төрткүл дүние түгел көз тігіп отырғанын айтты. Сонымен қатар үздіктердің үздігі бақ сынайтын байрақты бәсекеге ең мықты спортшыларымыз бара жатқанын атап өтіп, ел намысын қорғау абыройлы міндет екеніне тоқталды.

Президент Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергеновке табыстады. 
 
Қазақстан құрама командасының негізгі бөлігі кездесуге Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығынан бейнебайланыс арқылы қатысты. Онда спортшылар Париж Олимпиадасы алдындағы соңғы жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. 
 
Сондай-ақ іс-шарада бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов, жеңіл атлетикадан Азия ойындарының жеңімпазы Ольга Сафронова, дзюдодан Олимпиада ойындарының жүлдегері Елдос Сметов сөз сөйледі.