Қазақстан Паралимпиада ойындарының 21-лицензиясына ие болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Халықаралық Паралимпиада комитетінің үш жақты бипарт комиссиясының шешімімен қазақстандық пара спортшы Севда Алиева Париж-2024 Паралимпиада ойындарының пара оқ атудан лицензия иегері атанды.
ҚР Туризм және спорт министрлігі мәлім еткендей, Севда 10 метрлік P2 пневматикалық тапаншамен ату дисциплинасында өнер көрсетеді.
Бұл – пара оқ атудан Қазақстанның екінші лицензиясы. Бұдан бұрын осы спорт түрінде алғашқы лицензияны қазақстандық Еркін Ғаббасов әлем кубогында пневматикалық мылтықпен атудан R1 дисциплинасында жеңіп алған болатын.
Қазіргі уақытта Қазақстанның Паралимпиада ойындарында спорттың 8 түрінен 21 лицензия бар. Олардың ішінде: пара пауэрлифтинг (5), пара жеңіл атлетика (3), пара жүзу (4), волейболды отырып ойнау (1), пара үстел теннисі (1), пара таеквондо (3), пара каноэ (2) және пара оқ ату (2).