«Төреші басқа елден болады»: Қырғызстан Қазақстанға көкпардан «Келісім кубогын» өткізуді ұсынды

Редакция Ulyssport

Қырғызстан көк бөрі федерациясының өкілдері Қазақстанға 1 қарашада Ыстықкөл жағасында көкпар мен көк бөріден "Келісім кубогын" өткізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Фото: ашық дереккөз

«Шақыру хат»

Sputnik Қырғызстан агенттігінің Telegram-арнасы жазғандай, бүгін, 16 қыркүйекте Қазақстан көкпар федерациясына шақыру хат жіберілген.

Біз 1 қарашада сол баяғы құраммен көк бөрі мен көкпар ойнауды ұсынамыз. Бұл спорт, ойын екі халық арасында алауыздық тудырмауы керек. Біз халықтарымыздың келісімі үшін жеке амбициялардан бас тартуға дайынбыз. Төреші басқа елден болады, - деді Көк бөрі федерациясының басшысы Рамис Жүнісалиев баспасөз мәслихатында.

Еске салайық, 12 қыркүйекте көкпардан Қазақстан және Қырғызстан құрамалары Көшпенділер ойындарының финалында кездесіп, ойында екі құраманың спортшылары арасында жанжал туған. Қырғызстан көкпардан финалдағы Қазақстанның жеңісіне наразылық білдірген.