Кәсіпқой бокстан алғашқы орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық Садриддин Ахмедов WBC рейтингіне қосылды, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
Жуырда ғана ол АҚШ-та дебюттік жекпе-жегін өткізіп, жеңіске жеткен болатын.
Садриддин ұзақ үзілістен кейін биыл 31 тамызда рингке оралған болатын. Ол Санта-Инез қаласында (Калифорния штаты) өткен бокс кешінде жергілікті боксшы Антонио Тоддпен (17-11, 9 КО) жұдырықтасып, бірінші раундта нокаутпен жеңіске жеткен.
Сарапшылар Ахмедовтің қарсыласы тым әлсіз болды деп сын айтқанымен, Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) оны өз рейтингіне қосты. Тізімде қазақстандық боксшы 30-шы болып тұр. Ал чемпиондық белбеу америкалық Себастьяс Фундораға тиесілі. Рейтингтің алғашқы үштігінде Эррол Спенс (АҚШ), Сергей Богачук (Украина) және Исраил Мадримов (Өзбекстан) тұр.
Алдын ала болжам бойынша, Садриддин Ахмедовтің келесі жекпе-жегі 13 желтоқсанда Санта-Инез қаласында өтеді. Әзірге қарсыласы анықталған жоқ.