Қазақстандық Әмір Омарханов камбэк жасап, J300 Beijing 2024 China Open турнирінің финалына өтті, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Теннис федерациясы Қазақстанның 18 жасқа дейінгі бірінші ракеткасы, жасөспірімдер арасындағы әлем рейтингінің 15-ші ракеткасы Әмір Омархановтың Бейжіңде өтіп жатқан ITF Juniors J300 сериялы турнирінің финалына шыққанын хабарлады.
НӘТИЖЕ
Отандасымыз жартылай финалда сербиялық Озен Миличті (56 ITF Juniors) ұтты.
«Амир алғашқы сетте 0:6 есебімен жеңіліп қалды, бірақ кейін мінез танытып, келесі екі ойында қарсыласынан басым түсті, есеп – 6:1, 6:3», делінген хабарламада.
Ертең, 6 қазанда Омарханов финалда британдық Оливер Бондингке (19 ITF Juniors) қарсы ойнайды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Шанхайда өткен Masters сериясы турнирінде Қазақстанның екінші ракеткасы Александр Шевченко әлемнің 31-ракеткасы аргентиналық Франсиско Черундолоны ұтқан болатын.