Бұл жолғы Олимпиада ойындарының нормативі өте жоғары - Ольга Шишигина

Гүлнұр Қуанышбекқызы

Қазақстандық олимпиада чемпионы Ольга Шишигина биыл Париждегі Олимпиадада нормативтерді қатты көтеріп жібергенін айтты, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Коллаж: Ulysmedia

Алматы облысында Қазақстан ұлттық құрамасын XXXIII Жазғы Олимпиада ойындарына шығарып салу рәсімі өтті. Ольга Шишигина алдағы Ойындар мен спортшылардың дайындығы туралы пікір білдірді.

"Жыл сайын талаптар өзгеріп отырады. Лицензиядан бөлек, рейтинг бойынша да өту керек. Міне, көптеген спортшылардың өтпеу себебі осында. Бұл Олимпиада ойындарына нормативтер өте жоғары белгіленген. Біздің Қазақстанда жеңіл атлетиканың 48 түрінің тек 12-сі ғана дамып келеді. Әрине, балалар өте аз келеді. Бәрі айтады, неге жүгіруіміз керек деп. Айтатынымыз, бұл біздің мемлекетімізде кең танылмаған", - деді ол.

Шишигина өз уақытында жаппай қызығушылық болғанын айтты.

"Мен айналысқан кезде кеңестік мектеп, жаппай қызығушылық болды. Мұның бәрі өз рөлін атқарды. Ол кезде жаттықтырушылар өте көп болды, қазір аз. Министр айтқандай, Олимпиададан кейін барлық зейнеткер-жаттықтырушыларды жұмыстан шеттетеді. Жастар бізде өте аз, тәжірибе де жоқ. Біз тек атлетикада ғана емес, барлық спорт түрлерінде бәрін жоғалтамыз деп айтамыз. Жасарту үрдісі жүріп жатқаны түсінікті. Бірақ жасартудың қажеті жоқ бағыттар да бар. Керісінше, ардагердің жанында жас тәлімгер болуы керек", - деді ол.

Ольга Шишигина — қазақстандық жеңіл атлет, 100 метрге кедергілермен жүгіруден Олимпиада чемпионы және жабық ғимараттардағы жүгіруден әлем чемпионы. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Қазақстан Республикасы Мәжілісінің V-VI шақырылымдарының депутаты.

Бұған дейін Қазақстан құрамасын Париждегі Олимпиада ойындарына аттанғанын хабарлаған едік.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында Парижде XXXIII Жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Оған 200 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Олимпиадада 32 спорт түрі бойынша 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.