«Жаралған намыстан»: Қазақстан Әлімханұлының бокс кешін ұйымдастырғандарға ашуланды

Редакция Ulyssport

Жәнібек Әлімханұлы мен Андрей Михайлович арасындағы бокстан өткен жекпе-жекте Қазақстанның ескі гимні орындалды. Бұл жағдай 4 қазанда Аустралияның Сидней қаласында болған еді, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Фото: ашық дереккөз

БІРНЕШЕ РЕТ ЕСКЕРТУ ЖАСАЛҒАН. АЛАЙДА...

Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі бұл оқиғаға байланысты ұйымдастырушыларға наразылық білдіріп, ресми шағым жіберетінін мәлімдеді.

Ведомство мәліметінше, Қазақстан тарапынан ұйымдастырушыларға бірнеше рет ескерту жасалған. Олар 2006 жылы қолданыстан шыққан ескі гимнді қолдануға болмайтынын, барлық рәсімдік нормаларды сақтау қажеттігін ескерткен. 

Алайда бұл ескертулер ескерусіз қалып, Жәнібек Әлімханұлы рингке шыққанда ескі гимн қосылған.

МИНИСТРЛІК НАРАЗЫЛЫҚ НОТАСЫН ЖОЛДАДЫ

Біз ұйымдастырушыларға бірнеше рет ескі гимнді пайдаланбауды ескерттік. Бірақ бұл ескертулер еленбеді. Жәнібек Әлімханұлының жеңісі қазақстандық жанкүйерлерді қуантқанымен, бұл оқиға әділ наразылық туғызды, – делінген министрлік хабарламасында.

Бұған байланысты Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі турнирді ұйымдастырушы No Limit Boxing компаниясына ресми наразылық нотасын жіберіп, түсініктеме мен кешірім сұрауды талап ететінін айтты.

Еске салсақ, Жәнібек Әлімханұлының бокс кешінде Қазақстанның ескі әнұраны қосылған болатын.