Үстел теннисінен Қазақстанның ерлер құрамасы Астанада өтіп жатқан 27-ші Азия чемпионатында финалдық сегіздікке енді, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
Ширек финалға шығу үшін шиеленісті жекпе-жекте қазақстандық спортшылар Сауд Арабиясы командасын 3:0 есебімен жеңді.
Алаңға бірінші болып Қазақстан құрамасының көшбасшысы Кирилл Герасименко шықты. Қиын күресте ол қарсыласын 3:2 есебімен жеңіп, өзінің шеберлігі мен жеңіске деген ерік-жігерін көрсетті. Одан кейін Алан Құрманғалиев олимпиада ойындарының қатысушысы Али Алхадравиге қарсы матчты 3:2 есебімен аяқтап, керемет камбэк көрсетті. Соңғы матчты Айдос Кенжеғұлов өткізді, ол өзінің қарсыласы Наиф Әл-Джадайды 3:0 есебімен жеңіп, қазақстандық құраманың ширек финалға шығуын қамтамасыз етті.
9 қазанда Астана уақыты бойынша сағат 14:00-де өтетін келесі раундта Қазақстан құрамасы Азия біріншілігінің жартылай финалына шығу үшін күресте Үндістанның командасымен кездеседі.