Олимпиада алдында боксшыларды фаворитке бөлуге болмайды - бас бапкер

Редакция Ulyssport

Бокстан Қазақстан құрамасы Түркістан облысындағы "Алма-тау" базасында Париж Олимпиадасы қарсаңындағы соңғы жаттығу жиынын өткізіп жатыр, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

 

Фото: olympic.kz

Команданың бас бапкері Мырзағали Айтжанов спортшылардың бабында екенін айтып, барлық боксшыдан үміт күтетінін жеткізді. 

"Қазір менен командадада фаворит кім деп сұрап жатқандар көп. Олимпиада алдында боксшыларды дәл бұлай бөлуге болмайды. Себебі, Олимпиаданың рухы бөлек. Бұл жарыс басқа бәсекелермен тең келмейді. Сондықтан, олимп шыңына ең мықты деген спортшылар шығады. Біздің құрамадағы жігіттердің бәрі жақсы. Ешкім Олимпиадаға жеңілемін деп бармайды. Оның үстіне, салмақ дәрежелері де аз, жетеу ғана”, – деді бас бапкер.

Ол жеңісті дәстүрді қайта жалғастырып, Париж төрінде жанкүйерлерді қуантатындарына сенімді екенін айтты.

“Қазір командада төрт әлем чемпионаты, екі Олимпиада жүлдегері бар. Барлық жігіттер тәжірибелі. Енді тәжірибесін шеберлікпен ұштастырып, Олимпиадада жақсы өнер көрсету ғана қалды", - дейді бас бапкер. 

ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНА ҚАТЫСАТЫН БОКСШЫЛАР

51 келі: Сәкен Бибосынов

57 келі: Махмұд Сабырхан

63,5 келі: Мұхамедсабыр Базарбайұлы

71 келі: Асланбек Шымбергенов

80 келі: Нұрбек Оралбай

92 келі: Айбек Оралбай 

+92 келі: Қамшыбек Қоңқабаев