Париж Олимпиадасының ашылу салтанаты туралы 5 дерек

Ерик Ильясов

XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты ерекше өтейін деп тұр. Ұйымдастыру комитетінің басшысы Тони Эстангуэнің айтуынша Франция астанасы тарихта болмаған ең үлкен стадионға айналмақ.

Сонымен ашылу салтанаты туралы спорт жанкүйерлері білуі керек ең маңызды мәліметтерді ulyssport.kz назарларыңызға ұсынады:

TIME
  1. Төртжылдықтың басты додасы “Париж-2024” Олимпиадасының ашылу салтанаты 26 шілде күні, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:30 (Астана уақыты бойынша 22:30)-да басталып, үш жарым сағатқа созылады деп күтілуде.

Тони Эстангуэн:

Батып бара жатқан күннің табиғи жарығы тұсында өтетін ашылу салтанаты спортшылар мен көрермендерді Жарықтар қаласы Париждің табиғи сұлулығын бағалауға шақырады

  1. Ашылу салтанаты қайда өтеді?

Әдетте кез келген Олимпиаданың ашылуы үлкен стадионда өтеді. Бұл жолы тарихта алғаш рет стадионда емес, Париждің тарихи және мәдени ғимараттарына жол ашатын, қаланың ортасында ағып жатқан Сена өзенінің үстінде өтпек. 100-ге жуық қайық 6 шақырым Сена өзенінің бойымен парадқа шығады. Сосын Париж арқылы шығыстан батысқа қарай бұрылып, көрнекті көпірлердің астымен жүзіп, Нотр-Дам мен Лувр аудандары арқылы өтеді. Маршрут Эйфель мұнарасының жанында аяқталады. Сценарий бойынша мұнда рәсімнің соңғы бөлімі, ресми Олимпиада хаттамалары, соның ішінде Франция президенті Эммануэль Макронның ашылу мәлімдемесін тыңдау жоспарланған.

 

  1. Бүкіл әлем бойынша кем дегенде шамамен 1,5 миллиард адам тамашалайтын Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына 206 Олимпиада комитетінен 10 500 спортшы қатысады. Ашылу және жабылу іс-шараларының концерттік бағдарламаларына 3000-ға жуық әртіс шақырылған. Оның 400-і бишілер.
  2. Кімдер ән айтады?

Жалпы Олимпиаданың ашылу іс-шараларында танымал әншілерді көру дәстүрге айналған. Спорт жанкүйерлері 26 шілде күні кімдерді көре алады? Ұйымдастырушылар комитеті бұл сұрақтың жауабын әзірге құпия ұстап отыр. Ресми емес ашық дереккөздерге сенсек, іс-шарадан әйгілі Селин Дион мен Дуа Липаны көріп қалуымыз мүмкін. Осыған дейін француз-мали әншісі Айя Накамураға Франция Президентінің Эдиф Пиафтың бір әнін орындау туралы ұсыныс жасағаны айтылды. Сондай-ақ, жанкүйерлер ұйымдастырушылардан француздың атақты диджейі Дэвид Геттаның да қатысуын талап етуде.

  1. Париж тұрғындары мен қонақтары ашылу салтанатын қалай тамашалайды?

Париж Олимпиадасының ашылу салтанатын жалпы 600 000-ға жуық көрермен қаланың түрлі аудандарынан көре алады. Оның 104 000-на алдын ала билеттер сатылыпты (90 еуродан 2 700 еуроға дейін). Жергілікті билік органдары өз тұрғындарына арнайы айлақтардың жоғарғы жақтарынан көру үшін 222 000 тегін билет таратқан. Қалған тұрғындар қаланың басты аудандарында орналастырылған үлкен сегіз экран арқылы көру мүмкіндігіне ие болады.

Жалпы Париждегі Олимпиада және Паралимпиада ойындарын көруге 15,3 миллион адам келеді деп күтілуде.