«Қазақстанға қайтпаймын»: АҚШ-та тұратын боксшы қыз Ұлттық гвардия қатарына қосылмақ

Редакция Ulyssport

АҚШ-та тұратын қазақ боксшысы Аида Сатыбалдинова (6-3-1) АҚШ Ұлттық гвардиясының қатарына қосылуды шешкенін айтты, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Фото: instagram.com/lady_sparta

Көкшетау қаласының тумасы 2017 жылдан бері Америка құрама штаттарында тұрады. Кәсіпқой бокспен шұғылданады. Ол қарулы күштерге арнайы тест тапсырып жатқанын көрсетті.

Ашығын айтсам, Қазақстанға қайтып, ол елде өмір сүргім келмейді. Тек қонаққа барып тұруға қарсы емеспін. Әрқайсымыз өмірімізді жақсы өткізуге тырысамыз. Қазақстанда өзімді жайлы сезінбеймін. Менің турашыл мінезім, адалдығым мен идеологиям жайлы өмір сүруге мүмкіндік бермейді. Мен сияқты адамдар олардың жағасына қадалған тікен секілді. Ол жақта біреуге жағымпазданып, жалтақтауға құлқым жоқ. Мені өте лайықты тәрбиелеген. Мен үшін тізерлеп өмір сүргеннен тұрған күйде өле салғаным артық. АҚШ-та мансап қуып, өз үйімді алсам деймін. Оған қоса мен Калифорнияда тұрамын деп шешім қабылдадым. Мұнда жылжымайтын мүліктің құны аспандап тұр. Болашақта балаларыма өзімде жоқ игі жақсының бәрін бергім келеді. Сондықтан АҚШ Ұлттық гвардиясына қосылу — бұл керемет. Әрі қарай — одан да биік мақсаттар, — деп жазды боксшы Instagram-дағы стористерінде.