17 жасар қазақстандық спортшы Жібек Құлымбетова Астанада өткен UWW әлем чемпионатында екі алтын жүлдеге ие болып, 10 дүркін әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
Ол екі санат бойынша сынға түсті: "GI" (кимоно) және "NO GI" (кимоносыз).
Оның қарсыластары 18-20 жас аралығындағы спортшылар болды. Жарыстың алғашқы күні Жібек Украина, Испания, Ресей және Қазақстан өкілдерімен 5 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті.
Екінші күні ол төрт қарсыласпен кездесіп, барлық жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтады.
Әлеуметтік желідегі парақшасында Жібек бірінші жеңісін қазақ халқына арнағанын, ал екіншісін аты аңызға айналған самбошы Самат Рамазанов пен оның жаттықтыратын академиясына арнағанын айтты.