«Пысқырмайды»: Спорт журналисі Черчесовке қызметінен кетуді ұсынды

Редакция Ulyssport

Қазақстандық спорт журналисі Аслан Қаженовтің пікірінше, Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы болып Станислав Черчесов қызметке келгелі еліміз футболдан жеңілген үстіне жеңіліп жатыр, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Фото: РИА Новости

Ұлттық құрама кезекті рет есе жіберді. Дәл осы Станислав Черчесов келгелі 4-ші матч, 3-ші жеңіліс. Бір ойын тең түстік. Бірде-бір гол соға алмадық. Бірте-бірте ұтылып қалып, масқара болуға да етіміз үйреніп барады. Ал, отандық футболдың басы-қасындағылар біздің сынға мықты имунитет қалыптастырып алған. Пысқармайды.

Осы Станислав Черчесовтың келуіне көпшілік қарсы болды. Оның алатын жалақасын естігінде, тіптен, жағамызды ұстадық. Айына 50 млн тг деп пе еді?! Соған қарамастан жауапты федерация бір ресейлік маманды басқа ресейлік маманға алмастырды. Нәтижесі міне. Сол кезде отандық бапкерлерді қойыңдар деп шыр-пыр болдық. Тіпті, арнайы тізім жасадық. Ең тиімді вариант ретінде Қайрат Нұрдәулетовті ұсындық. Тағы да пысқармады, – деп жазды ол.

Сондай-ақ Қаженов отандық футболға үлкен реформа керек екенін айтты.

Әрине, Қайрат келсе бәрін қырып-жойып, жеңе бермесіміз анық. Десе де өзіміздің маман, қазақша сөйлей алатын, қазақша ойлай алатын адам ұлттық деген тіркесі бар құраманың тізгінін алар еді. Плюс тәжірибе жинайды. Тағы бір плюсі қаржы елде қалады. Енді қазір “ни рыба, ни мясо” болып отырмыз. Отандық футбол федерацияның басшылары, мынаны үйіне қайтарыңдар. Қазақтың футболына қазақтан басқа ешкімнің жаны ашымайды. Одан кейін отандық футболға үлкен реформа керек. Балалар футболы ақсап жатыр. Жасыл алаңдар жетіспейді. Мамандар біліктілігін арттыру қажет. Айта берсе өте көп. Вообщым, шұғыл іске кірісіңдер немесе істейтін адамдарға орын беріңдер... – деді журналист.

Еске салсақ, бүгін Қазақстан құрамасы Словениядан жеңіліп қалды.

Бұған дейін Черчесов Словениядан ойсырай жеңілудің себебін түсіндіруге тырысқан еді.