Эльжана Таниева: Міндетім – еліміздің намысын абыроймен қорғау

Гүлнұр Қуанышбекқызы

Көркем гимнастикадан Қазақстан командасының үздігі Эльжана Таниева Олимпиада алдында шағын сұхбат беріп, дайындық барысына тоқталды, деп забарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: olympic.kz

Olympic.kz сайтына берген сұхбатында спортшы бағдарламасын қиындатып, аздаған өзгеріс енгізгенін айтты. 

«Қазіргі таңда жаттығуды таза, қатесіз орындауға басымдық берудеміз. Әртістік тұрғыдан да жұмыс істеп жатырмыз. Аяқ пен қолдың қызметіне көп көңіл бөлдік, себебі, Олимпиадада жақсы нәтиже көрсету үшін барлық элементтерді толық меңгеру керек. Жетістікке жету үшін көпсайыстағы төрт жаттығуды қатесіз орындау керек. Сол кезде ғана жоғары баға беріледі. Маған барлық жаттығу да ұнайды”, – деді Таниева.

Ол өзін толық бабында деп ойлайтынын жеткізді.

«Біз Олимпиадаға дайындалудамыз. Тура жарыс қарсаңында нағыз бабыңа енуің керек. Парижге ұшқанға дейін екі аптадай уақытымыз бар. Сондай-ақ, Франция астанасында тағы жаттығамыз. Осы уақыт аралығында кем-кетіктерді жөндеп, жарыс басталғанда шын бабына енемін деп ойлаймын.

Олимпиада әр спортшының мансабындағы ең маңызды жарыс. Сондықтан, бәсекелестік те өте жоғары болмақ. Негізі, жарысты да, бәсекелестікті де ойламауға тырысамын. Менің міндетім – төрт жаттығуды да таза орындап, еліміздің намысын абыроймен қорғау», - дейді Таниева.

Эльжана Таниева Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысады. Ол Азия чемпионатында квота жеңіп алған.