"Барыс" хоккей клубы құрамындағы барлық легионермен қош айтысты

Редакция Ulyssport

Астаналық "Барыс" хоккей клубы барлық легионермен келісімшартты бұзбақ, тек қақпашыны ғана қалдырды, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Ашық дереккөзден

"Барыс" клубының бас директоры Нұрлан Оразбаев тағайындалғаннан кейін алғашқы баспасөз конференциясын өткізіп, клуб жүйесінде болатын ауқымды өзгерістер туралы айтты.

"Бір-екі күн бұрын Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры тарапынан ұсыныс түсті. Біз спорт министрімен кездесіп, жұмысымның барлық нюанстарын, егжей-тегжейін талқыладық. Бүгіннен бастап клубтың басшысы болып жұмыс істеймін. Менің ұсыныстарым қолдау тапты, және бүгіннен бастап бұл өзгерістер басталды", – деді ол.

Сонымен қатар, Оразбаев клуб Даниил Апальков және Владислав Кодоламен келісімшартты бұзғанын мәлімдеді.

"Сол сияқты біз барлық легионер-солтүстік америкалық ойыншылардың агенттеріне келісімшартты бұзу туралы хабарламалар жібердік. Құрамда Маттссон, Бурдасов, Николишин, Жафяров, Сетдиков, Бочаров, Камалов, Антипин және Хохлов қалды. Қалған барлық ойыншылар ұлттық құраманың кандидаттары, біздің жергілікті тәрбиеленушілеріміз", – деді Оразбаев.

Бұған дейін "Барыс" клубының бас бапкері ауысқаны хабарланған. Енді "астаналықтарды"  Ғалым Мамбеталиев қайта басқарады.

Оразбаев бұрынғы бас бапкер Вячеслав Буцаевқа алғысын білдірді, енді ол аға жаттықтырушы болады.