Головкиннің бапкері жаттықтырады. Боксшылар Азия чемпионатына дайындалып жатыр

Гүлнұр Қуанышбекқызы

Бокстан ерлер арасындағы Қазақстан командасы Аммандағы (Иордания) Азия чемпионатына дайындықты бастады, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Фото: ашық дереккөз

Біріншілік 30 қараша мен 12 желтоқсан аралығында өтеді.

Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, дайындық процесінің бастапқы кезеңі Алматыдағы оқу-дайындық жиынынан басталды.

Бұл жиын жалпы физикалық дайындық деңгейін арттыруға бағытталған.

Оқу-жаттығу жиынына Ұлттық Олимпиадалық комитет президенті Геннадий Головкиннің шақыртуымен америкалық бапкер Кристофер Камачо тартылған.

Маман Қазақстан құрамасының бапкерлік штабына көмектесіп, боксшыларды құрлықтық біріншілікке дайындайды.

Айта кету керек, Кристофер Камачо көптеген жыл бойы кәсіби рингтегі түрлі жекпе-жегі алдында Геннадий Головкиннің жаттығу лагерьлеріне қатысқан.

Сонымен бірге ол танымал ММА спортшылары Хабиб Нурмагомедов, Дэниал Кормье, Кейн Веласкес, Люк Рокхолдпен жұмыс істеген.