Головкин АҚШ-тағы Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитетіне барды

Редакция Ulyssport

Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин жұмыс сапарымен Лос-Анджелестегі (АҚШ) 2028 жылғы Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитетіне барды, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Фото: ҰОК

ҰОК мәлімдеуінше, кездесу аясында Ойындарға қатысатын спортшыларға жасалатын жағдайлар, сонымен бірге Қазақстан мен АҚШ арасындағы спорт саласы бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланған.

Нақтырақ айтқанда, олимпиадалық инфрақұрылым және ұйымдастыру комитеті спортшыларға ұсынып отырған жағдайлар тақырыбына назар аударылды. Қазақстан ҰОК басшысы алдағы Олимпиада ойындары тарихтағы маңызды кезең болатынына және халықаралық спорттық байланыстарды нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитетіне уақыт бөліп, мультиспорттық оқиғаны өткізуге қатысты өзекті әрі мазмұнды ақпарат ұсынғанына алғыс білдіреміз. Ұйымдастыру комитетіне келгеніміз біздің нәтижелі ынтымақтастық орнатуға дайын екенімізді білдіреді, – деді Геннадий Головкин.

Алдағы Олимпиада ойындарының Ұйымдастыру комитеті Қазақстан делегациясына жарыстар кезінде қолданылатын басты инфрақұрылым нысандарын, оның ішінде Олимпиада ауылы мен спорттық ареналарды көрсетті.

2028 жылғы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарының өкілдері ірі спорттық шараларды ұйымдастырудағы тәжірибесін бөлісіп, бұл процесске енгізілген инновацияларға назар аударды.

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті алдағы Олимпиаданың ұйымдастыру комитетімен ынтымақтастықты жалғастыратыны хабарланды.