Қазақстандық теннисшілердің жаңартылған әлемдік рейтингідегі орындары белгілі болды, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
Әйелдер арасында WTA рейтингінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина өзінің 5-орнын сақтап қалса, Юлия Путинцева 29-дан 28-ге көтерілді.
Осылайша, Ю.Путинцева өзінің үздік көрсеткішіне (27) жақын тұр.
Зарина Дияс 379-дан 388-ге төмендеді.
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина 23-тен 22-ге көтерілсе, Ю.Путинцева 110-нан 111-ге, Жібек Құламбаева 139-дан 141-ге сырғыды.
Ерлер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 32-ден 33-ке, сондай-ақ Александр Шевченко 59-дан 63-ке түсіп қалды.
Михаил Кукушкин 111-ден 110-ға ауысып, ТОП-100-ге жуықтаса, Дмитрий Попко 175-те қалды. Бейбіт Жұқаев 185-те (-1), Тимофей Скатов 193-те (+1) тұр.
Қазақстандық жұптық сындағы бірінші ракеткасы Александр Недовесов 55-тен 54-ке шықса, Бублик 116-дан 118-ге төмендеді.
Александр Бублик бүгін жекелей сында Париж мастерс турнирінің алғашқы айналымында белгілі италиялық теннисші Фабио Фоньинимен ойнайды.