Бүгін «Алтын доп» иегері анықталады

Редакция Ulyssport

Бүгін футболдан «Алтын доп-2024» иегері анықталады. Биыл 68-мәрте өткізілетін дәстүрлі іс-шара Сена өзені бойында орналасқан «Шатле» театрында өтеді, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

ашық дереккөз

Әлемдегі үздік футболшыларды анықтау мақсатында қолға алынған шара 1956 жылдан бері «France Football» журналының ұйымдастыруымен тұрақты өтіп келеді.

Қазірге дейін ерлер мен әйелдер арасында «Алтын доп» иегері анықталса, 21 жасқа дейінгі футболшылар арасында «Копа трофейі», үздік қақпашыға «Яшин трофейі» беріледі. Сондай-ақ үздік ерлер және әйелдер командалары анықталады. Ал өткен маусымдағы үздік сұрмергенге Герд Мюллер трофейі табысталады.

Биыл олардың қатарына тағы екі жаңа марапат қосылды. Енді ерлер және әйелдер командалары арасында үздік бапкерлер есімі белгілі болады.

Биыл «Алтын допқа» басты үміткерлер есебінде бразилиялық Винисиус Жуниор («Реал Мадрид», Испания), испаниялық Родри («Манчестер Сити», Англия) және англиялық Джуд Беллингем («Реал Мадрид», Испания) есімі аталып отыр.

Кейінгі 21 жылдан бері «Алтын допқа» үміткерлер қатарынан түспеген аргентиналық Лионель Месси мен португалиялық Криштиану Роналду жоқ.

Салтанатты шара елорда уақытымен 00:00-де басталады.