Қазақ балуаны еркін күрестен әлем чемпионы атанды

Редакция Ulyssport

Нұрқожа Қайпанов Албанияның бас қаласы Тиранада өтіп жатқан әлем чемпионатында топ жарды, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Ашық дереккөзден

Қайпанов ақтық сында жапон палуаны Йошиносуке Аоягиден басым түсті. Есеп: 3-5.

Нұрқожа дәл осы салмақта (70 кг) 5 жыл бұрын Қазақстан астанасында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған. 

Былтыр Сербия астанасы Белградта Ризабек Айтмұхан 92 кг дейінгі салмақта топ жарған. 

Айта кетейік, кеше Қайпанов іріктеуде Митчелл Финесилверді (Израиль), кейін Николай Грахмезді (Молдова), Акаки Кемертелидзені (Грузия) айқын басымдықпен жеңген. Жартылай финалда тәжікстандық Абдулмажид Кудиевті таза жықты.

Осымен Тиранадағы Олимпиада бағдарламасына кірмейтін салмақтар бойынша әлем чемпионаты мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алды. Осыған дейін грек-рим күресінің шебері Ержет Жарлықасын (63 кг) мен Жәмилә Бақбергенова (72 кг) медаль жеңіп алған.