Біз және Өзбекстан ғана 7 салмақта боксшы қосып отыр - Мырзағали Айтжанов

Ерик Ильясов

Париж Олимпиадасында басты үміт артылатын – бокстан ерлер құрамасы Франция астанасы Парижге жетті. Енді жерлестеріміз 27 шілде – 10 тамыз күндері аралығында чемпиондық атақты сарапқа салатын болады.

Осы орайда жазғы Олимпиада ойындарына рекордтық 3-ші мәрте бастап барған бас бапкер Мырзағали Айтжанов жарыс алдындағы пікірімен бөлісті.

ҰОК

Сіздер бұған дейін Лондон және Рио Олимпиадасында 10 салмақта жүлдені сарапқа салып едіңіздер. Париж Олимпиадасында салмақтың азаюы еліміздегі көп мықтылардың үмітін азайтқан шығар?

- Париж Олимпиадасында ерлер арасында алғаш рет ең аз 7 салмақта ғана жүлде сарапқа салынады.  Токио Олимпиадасында ерлер 8 салмақта 187 спортшы чемпиондыққа таласса, биыл олардың саны 124-ке дейін азайды. Боксшы санының азаюы бәсекелестікті арттырып, әр елге жолдама оңайшылықпен бұйырмады. Салыстырмалы түрде Токио Олимпиадасына 81 мемлекет қатысса, биыл тек 68 мемлекетті қамтып отыр. Бастысы – біз және Өзбекстан ғана барлық 7 салмақта боксшымызды қосып отыр. Ал Токио Олимпиадасында командалық есепте 1-орын алған Куба, Ұлыбритания 6 спортшысын қатыстырса, АҚШ 5 салмақта ғана жолдама ала алды. Ендігі басты мақсатымыз – санды сапаға ұластырып, медальға қол жеткізу.

Париж Олимпиадасында қарсыластар соқыр жеребе арқылы анықталады. Бұл әдіс сіздер үшін қаншалықты әсер етеді?

- Халықаралық Олимпиада комитеті әр құрлықтағы лицензиялық жарыстың қорытындысы бойынша чемпиондар мен жүлдегерлерді жеке рейтингпен бөлді. Енді барлығын 25 шілде күні өтетін жеребеде көре жатармыз.

Бұған дейін Франция төрінде бәсекеге түсіп пе едіңіздер?

- Тарихқа назар аударсақ, әлі бірде-бір мәрте әлем чемпионаты Францияда өтпепті. Сондықтан бұл біз үшін жаңа елдердің бірі болмақ. Бірақ Франция боксшыларымен ірі додаларда, халықаралық турнирлерде жолдарымыз түйісіп тұрады.

Жергілікті климат, уақыт т.б факторлар спортшыларға қаншалықты өз әсерін тигізеді?

- Париж уақыты Қазақстаннан қарағанда 3 сағатқа артта.

Климаты жағынан 20 градустан сәл ғана асып, салқындау болып тұр.

Енді ғана келгендіктен, жаймен бейімделіп жатқан жайымыз бар. Бүгін Франция уақытымен 16:00-де бірінші ресми жаттығуымызды өткіземіз. Одан бөлек, Олимпиаданың кей ережелеріне сәйкес, боксшыларымыз арнайы сурет, видеоға түседі. Ресми жарыс 27 шілде күні басталатындықтан, күнделікті арнайы жоспарымызды алдын ала түзіп қойғанбыз.

Париж Олимпиадасының қандай ерекшелігі бар?

  • Бокстан ең аз 68 мемлекет 248 спортшысын ғана қосады.
  • Қазақстан өз тарихында үшінші мәрте (2012, 2020) толық құрамда барады.
  • Мырзағали Айтжановтың тұсында ұлттық құрамамыз 2012 жылы Лондон Олимпиадасында 1 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде алса, 2016 жылы Рио Олимпиадасында 1 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде еншіледі.
  • Құрамадағы ең жас боксшы 63,5 келідегі Мұхамедсабыр Базарбайұлы (22 жас) болса, ең үлкені – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев (33 жас) саналды.
  • 2021 жылы өткен Токио Олимпиадасында 8 салмақта 4 алтынмен жалпы есепте Куба мемлекеті топ жарды.