2024 жылғы Олимпиаданы ұйымдастыру комитеті және Халықаралық Олимпиада комитеті өкілдерімен бірлесе отырып, спортшылардың күтіп алу және орналастыру жұмыстары атқарылды. Ulyssport.kz Олимпиада қарсаңында шымылдық сыртында қалған оқиғаларды ұсынады.
Olympic.kz хабарлауынша, құрама спортшыларының алғашқы тобы олимпиадалық ауылға жеткенге дейін делегация өкілдері ойынды ұйымдастыру комитетімен бірге барлық атлетті тіркеуден өткізді. Сондай-ақ, спортшылар жайғасатын номерлерді қабылдап алды.
“Шаторудағы Олимпиадалық ауылды қабылдап алуға бір тәулік уақыт берілді. Бұл Парижден 300 шақырымда орналасқан мекен. Одан бөлек, Қазақстаннан келетін сауалдарға жауап беру де біздің міндетімізге кіреді”, - дейді Қазақстан ҰОК спорт Департаментінің басшысы Бектұр Қиятбай.
Олимпиадалық ауыл қажетті инфрақұрылыммен түгел жабдықталған: мұнда үлкен асханадан бастап, сұлулық салонына дейін бар.
“Токио Олимпиадасымен салыстырғанда, Париждегі олимпиадалық ауыл ашық, қозғалысқа шектеу жоқ. Спортшылар үшін үлкен асхана, жаттығу залдары, фитнес-орталықтар, құлшылық жасайтын орындар, сондай-ақ, атлеттердің бір-бірімен кездесіп, бос уақыт өткізіп, жарыс көретін аймағы да бар. Оларға арнап түрлі байқаулар ұйымдастырылады. Олимпиадалық ауыл аумағында сұлулық салоны, монша, шаштараз бар, медитация мен релаксацияға да орындар бөлінген”, - дейді ол.
Қазақстандық спортшылар бас олимпиадалық ауылда және Шаторуда орналасқан кешенде тұрады.
“Спортшылар үшін ешқандай проблема жоқ. Болған жағдайда да, елеусіз жайттар ғана. Барлығы ХОК және ұйымдастыру комитетінің қатысуымен тез шешіледі”, - дейді ҰОК спорт департаментінің басшысы.
Олимпиадалық ауылда жалпы есебі 14,5 мың адам тұрды. Оның ішінде тоғыз мың спортшы бар. Қазақстан құрамасынан спорттың 25 түрі бойынша 80 атлет сынға түседі.