Олимпиада алтыны ғана жетіспейді: Дзюдошы Е.Сметов үшінші олимпиадасына қатысады

Ерик Ильясов

2024 жылғы Париж Олимпиадасына 71 жолдама жеңіп алған қазақстандық спортшылар ұзақ жолға дайындалып жатыр. Ал жанкүйерлер бір орында байыз таппай, ел қоржынына кім қандай медаль салар екен деп болжам жасауда.  Спорт сүйер қауымның алқалап топқа қосқаны дзюдодан 60 кг салмақта өнер көрсететін Елдос Сметов. Ол – 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, 2020 жылы Токиода өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Сметов олимпиада ойындарының үш дүркін жүлдегері атанар ма екен, толығырақ Ulysmedia.kz материалында.

Ашық дереккөзден

Олимп шыңында

 

Елдос Сметов өзін келешегі зор спортшы ретінде алғаш рет 2010 жылы дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған кезде танытты. Келесі жылы сол чемпионатта қола жүлдегер атанды, сол сәттен бастап қазақ спортының жаңа жұлдызы жарқырай бастады.

 

2012 жылдан бастап Елдос Сметов ұлттық құраманың ересектер қатарына қосылды. 2013 жылы бірінші жартыжылдықта Бангкоктағы Азия чемпионатында қола, Самсундағы Гран-при кезеңінде күміс, Тбилисиде Еуропа кубогы кезеңі және Варшавада өткен дзюдодан Еуропаның ашық кубогында алтын жүлдегер атанды. 2015 жылы Астанада өткен жарыстың финалында тағы бір қазақ балуаны Рустам Ибраевты жеңіп, дзюдодан әлем чемпионы болды.

 

2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиада ойындарында күміс жүлдеге қол жеткізіп, дзюдодан Олимпиада жүлдегері атанған екінші қазақ дзюдошысы атанды. Біріншісі – Асхат Жіткеев еді.

Сметов бес жекпе-жек өткізіп, финалда ресейлік Беслан Мудрановтан қосымша уақытта Васари әдісі бойынша ұтылды. Олимпиада медалінен кейін елге келіп, «Парасат» орденін тақты.

 

2016 жылғы Олимпиададағы екінші орын дзюдошы үшін жаңа жеңістерге жол ашты. 2018 жылдың 17 наурызында Екатеринбургте (Ресей) өткен «Үлкен дулыға» турнирінде жеңімпаз атанды. 2019 жылдың сәуір айында Анталияда (Түркия) өткен Гран-при турнирінің жеңімпазы болды. Шілде айында Будапештте (Венгрия) өткен Гран-при турнирінде де топ жарып, алтын тақты.

 

 

2019 жылы Токиода өткен Олимпиада алдындағы әлем чемпионатында отандасы Ғұсман Қырғызбаевты ұтып, қола жүлдегер атанды.

Токиода өткен Жазғы Олимпиада ойындарының алғашқы кездесуі күні 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Елдос Сметов үшінші орын үшін белдесуде голландиялық Торнике Чакадуаны жеңіп, қола медальға қол жеткізді. Осы жеңісі үшін ол 3-дәрежелі «Барыс» орденін алды.

Токиодағы Олимпиада ойындарынан кейін Сметов 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне ауысты, бірақ біраз уақыттан кейін ол 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне қайта оралды. Осы салмақта ол Ташкентте өткен дзюдодан әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.

 

Жаңа белестер!

 

Дзюдошы Елдос Сметов Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарында дәл осы салмақта Қазақстан намысын қорғайды. Соңғы кезде алған жарақаттары оған көптеген жарыстарға қатысуға мүмкіндік бермеді. Десе де ол еңсесін тіктеп, бірнеше халықаралық жарысқа қатысты. Өз бабына келу үшін біраз тер төкті.

 

Оған елімізде өткен «Үлкен дулыға» турнирі мен БАӘ-дегі әлем чемпионаты пайдаға шықты. Астанада Сметов тұғырдың үшінші сатысына көтеріліп, әлем чемпионатын бесінші орынмен аяқтады. Ол қажетті ұпайларды жинап, тізімде позициясын жақсартып, Парижге баруға үміткерлердің бірі атанды.

 

Нәтижесінде федерация 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ішкі іріктеу турнирін ұйымдастырып, онда Елдостан бөлек Мағжан Шамшадин мен Нұрқанат Серікбаев сынға түсті. Дзюдошылар іріктеуден сәтті өтті. Іріктеу жарысы Алматыда өтті. Сметов жеңіске жетіп, 2024 жылғы Олимпиадаға қатысу құқығына ие болды.

 

Спортшы өмірбаяны

Елдос Сметов 1992 жылы 9 қыркүйекте Жамбыл облысы Луговое ауылында кәсіпкер Бақтыбай Сметов пен Тоқтагүл Сметованың отбасында дүниеге келген.

Елдостың үлкен ағасы Жандостың еркін күреске деген құштарлығы кішкентай Елдостың спортты таңдауына септігін тигізді. Ағасының қимыл-қозғалысын қайталау арқылы спортқа бейімділігін байқатты. Ал Сметовтер отбасы Таразға көшіп келгенде, әкесі ұлдарды дзюдо секциясына алып барды.

 

Елдостың алғашқы бапкері – Ахмет Жұмағұлов. Дзюдодан басқа, Е.Сметов жекпе-жектің басқа түрлері – кикбоксинг, самбо, бокста да өзін сынап көрді.

9 жасында болашақ чемпион әткеншекте ауыр жарақат алды. Қатты тербелген бала құлап, ашық бас жарақатын алған және миы шайқалған. Спортшы бір жыл бойы емделді, бірақ ата-анасының қарсылығына қарамастан ол спортқа қайта оралды.

 

Дзюдошының үлкен татамидегі алғашқы жекпе-жегі 1998 жылы Алматыда өткен республикалық турнир аясында өтті. Болашақ чемпион 6 жаста ғана, салмағы 18 келі болатын. Жеңімпазға плазмалық теледидар қорабына салынған гүл вазасы табысталды.

 

Көп ұзамай Елдос Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектеп-интернатына қабылданды. Сметов жоғары курста Алматыдағы спорт мектеп-интернатына ауысып, ел чемпионаттарында өнер көрсете бастады, көп ұзамай республикалық чемпионатта жүлделі орындарға ие болды.

 

Елдос Сметов жоғары білімді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде алған. 2011 жылы «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамына қызметке тұрды.

 

Қарсыластардың шамасы қандай

Спорт мамандарының айтуынша, Сметовтың тағы бір Олимпиада жүлдесін алуына ешқандай кепілдік жоқ, өйткені оның салмағындағы балуандардың барлығы кілең сен тұр, мен атайынның нақ өзі.  

 

Әлем чемпионы атағын испаниялық Франсиско Гарригостан тартып алып, әлем чемпионатының жартылай финалында Таики Накамураны (Жапония) тізе бүктірген 21 жастағы Георгий Сардалашвилидің (Грузия) өзі не тұрады?  

Биыл Ташкентте өткен «Үлкен дулыға» турнирінде Сардалашвили Сметовті иппонмен жеңген.

Басты қарсыластар туралы айтқанда, Олимпиада фавориттерінің қатарына енген тайбэйлік Юн Вэй Янды айтпай кетуге болмайды. 2022 жылғы соңғы кездесуінде жеңісті Сметовтен жұлып алған.

Франция Олимпиада құрамасына Лука Мхеидзені қосатын шығар. 2020 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері барлық қатысушылар үшін, соның ішінде Сметов үшін қауіпті болып қала береді.

Харим Лиді (Оңтүстік Корея) ерекше атап өтуге болады. Бірнеше әлем чемпионатының жүлдегері (соның ішінде соңғы әлем чемпионатындағы қола) Сметовпен татамиде кездескеніне көп болған жоқ. Биыл «Үлкен дулыға» турнирі Парижде өтті, онда Ли мықтылығын көрсетті. 

 

Испандық Гарригос 2024 жылғы әлем чемпионатында бірінші раундта жеңіліске ұшырағанымен, әлі де фаворит болып қала береді. Ол 2023 жылғы әлем чемпионатын жеңіп алды, сонымен қатар Еуропа чемпионатында үш жеңісі бар. Ал Олимпиадада ол өз тәжін қайтарып алуға тырысады. Сметов 2022 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында испандық Гарригосты жеңген. Жапондық Рюдзю Нагаяманы да жоққа шығаруға болмайды. Ол өзінің мансабында Сметовты, Вейді және Мхеидзені жеңді, Парижде ол өз мансабындағы алғашқы Олимпиада медалін алуға тырысатыны сөзсіз.

 

Сметовтың басқа да бәсекелестері бар: Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дилшодбек Баратов (Өзбекстан), «Үлкен дулыға» жеңімпазы Мухаммадсолех Куватов (Тәжікстан), Торнике Чакадуа (Нидерланды), «Үлкен дулыға» турнирінің жас жүлдегері израильдік Ямм Волчак.

 

Демек, 2024 жылғы Олимпиада біздің атақты дзюдошымыз үшін қиын болмақ. Соған қарамастан жанкүйерлер оған сенеді. Ең бастысы, Елдос бір емес, бұған дейін екі Олимпиадада жүлдегер атанған спортшы дейді олар. Иә, күміс пен қоласы бар Елдос енді Париж олимпиадасында алтын алуы тиіс.

 

Анықтама:

Елдос Сметов – халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

2015 жылы Қазақстанда өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткені үшін облыс әкімі Сметовке пәтер сыйлады.

Елдос шетелде жарысқа шыққанда өзімен бірге дәстүрлі ұлттық тағамдар: жылқы етін, бауырсақ, тіпті сорпаны да ала кетеді. Ет пен сорпа бұзылмас үшін мұздатады. Шетелдіктер қатты таңғалып, жылқы етінен жасалған шұжықты мақтайды.

Спортшы күніне 5 уақыт намазын оқиды, 2015 жылы Меккеге қажылыққа барған.