Қазіргі таңда қазақстандық делегация өкілдері Париждегі Олимпиадалық қалашыққа жайғасып жатыр, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
Olympic.kz хабарлауынша, Олимпиадалық құрамадан алғаш болып садақ атудан Қазақстан құрамасы олимпиадалық ауылға жайғасты. Ильфат Абдуллин екінші, Дәулеткелді Жаңбырбай мен Александр Еремин бірінші Олимпиадасына қатысу үшін Париж төрінде дайындалуда.
Сондай-ақ, қазақ жанкүйерлері жекпе-жегін асыға күтетін отандық боксшылар Парижге ұшып келді. Мырзағали Айтжанов пен Елдос Сайдалин жаттықтыратын ұлттық құрама спортшылары бүгінде олимпиадалық ауылмен танысуда. Бас бапкер Мырзағали Құланұлының айтуынша, қазір команда мүшелері мұндағы күн райына бейімделіп жатыр.
Олимпиадалық ауылға орналасқан спортшылар қатарында 27 шілдеде жарыс жолына шығатын тағы бір атлеттеріміз – Нариман Курбанов пен Милад Карими де бар. Қазіргі таңда спортшылар жаттығу жұмыстарына кірісіп кетті.
Олимпиаданың алғашқы жарыс күнінде сынға түсетін тағы бір өкілдеріміз – дзюдошылар. 27 шілде күні ерлер арасында 60 келі салмақта Елдос Сметов, әйелдер арасында 48 келі салмақта Абиба Әбужақынова ел намысын қорғайды.
Бірақ дзюдошыдар олимпиадалық ауылға әлі қоныстанған жоқ. Дзюдодан Қазақстан құрамасы Францияда Олимпиада алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр.
Қазіргі таңда дзюдошылар Францияның Мез қаласында арнайы бағдарлама бойынша Олимпиадаға дайындықтарын пысықтауда.