Әлемге әйгілі балуандар Астанаға келе жатыр

Редакция Ulyssport

Әлемдік күрес жұлдыздары бас қосатын дәстүрлі Wrestling Stars турнирі биыл 29 қараша күні Астанадағы Beeline Arena спорт кешенінде өтеді, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Фото: wsl_kz Instagram парақшасы

Sportbugin.kz сайтының жазуынша, Астана төрінде әлемдегі ең үздік деген еркін күрес шеберлері бақ сынайды. Олардың қатарында, екі дүркін әлем чемпионы, төрт дүркін Еуропа чемпионы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Франк Чамисо және Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, албаниялық Черман Валиев бар.

Сондай-ақ, екі дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола, Азия ойындарының күміс жүлдегері Данияр Қайсанов және еркін күрестен Азия чемпионы Санжар Досжанов әлемдік турнирде бақ сынайды.

Еркін және грек-рим күресінің шеберлері қатысатын дүбірлі бәсекедегі кезекті жұптар анықталды.

Турнирде 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионы Начын Куулар мен қырғызстандық балуан, Азия чемпионы, 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионы Ұлықбек Жолдошбеков белдеседі. Екі балуан еркін күрестен 70 келі салмақта бақ сынамақ.

Сондай-ақ, грек-рим күресінен 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Хорлан Жақанша кілемге қайта оралды. Ол 55 келі салмақта еліміздің қазіргі үздігі, 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионы Исхар Құрбаевпен өзара мықтыны анықтайды.

Еркін күрестен үш дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионаттарының қола жүлдегері Азамат Дәулетбеков 86 келі салмақта Ресей чемпионы, осетиялық Алан Багаевпен белдеседі.

Wrestling Stars турнирі еркін күрестен 8 салмақ дәрежесінде өтеді. Турнирдің мақсаты – күрес түрлерін кеңінен насихаттап, олимпиадалық спортты дамытуға күш салу.