Мұстафа Өзтүрік тірі болғанда бүгін 70 жасқа келер еді

Редакция Ulyssport

Қазақ пен түрік халқына ортақ тұлға, қазақ таэквондо өнерінің негізін қалаған әйгілі спортшы Мұстафа Өзтүрік тірі болғанда бүгін, 23 қараша күні 70 жасқа толар еді, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Qazaqstan.tv

ҚАЙДА ТУҒАН

Атақты таэквондошы 1954 жылы қарашаның 23-і күні Стамбулда туған. Ол – 1930 жылдары аталары қиын-қыстау кезде Қытайдың Алтайына кетіп, ол жерден Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға өткен қазақ диаспорасының өкілі.

СПОРТТЫҚ ҒҰМЫРЫ

Спорт әлемінде өзіндік із қалдырған Мұстафа Өзтүрік таеквондодан қара белбеу 6-дан иегері, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы.

1990 жылы көктемде Мұстафа Өзтүрік Қазақстанның билік өкілдерінің шақыртуымен тарихи атажұртына алғаш келеді. Күзде Өзтүрік қазақ жастарын таэквондоға баулу үшін Қазақстанға біржола орнығып, 1991 жылы Қазақстан таэквондо федерациясын құрады. 1992 жылы Қазақстан Халықаралық таэквондо федерациясының (WTA) мүшесі болады. Осы жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстан азаматтығын алады.

ЖЕТІСТІКТЕРІ

Оның шәкірттері алғаш рет 1992 жылы Түркиядағы халықаралық жарысқа барып, екі алтынмен оралады. 

1995 жылы Мұстафа Өзтүрік жаттықтырған қазақстандық спортшылар әскерилер арасындағы таэквондодан әлем чемпионатында оңтүстіккореялықтарды ғана алға жіберіп, командалық есепте екінші орын алады.

ӨЗГЕ ДЕ ҚЫРЫ

Сондай-ақ Өзтүрік 1975-1980 жылдары Тайбэйдегі Халықаралық саясат университетінде оқып, журналист мамандығы бойынша диплом алған. Бұдан бөлек ол актерлік өнерімен де жұртшылыққа танылып үлгерген еді.

Қазақстан қалаларының көптеген көшелеріне Мұстафа Өзтүрік есімі берілген. Алматы облысы Талғар ауданының Бесағаш ауылында спортшыға ескерткіш қойылған. Көптеген таэквондо мектептері Мұстафа Өзтүрік есімімен аталады.

БАЛА КҮНГІ ДОСЫНЫҢ ӨКІНІШІ

Германияның Кельн қаласында тұратын Мұстафа Өзтүріктің сырлас досы Ғани Макин Kazinform тілшісіне берген сұхбатында спортшыны сағынышпен еске алып, естеліктерімен бөлісті.

«Мұстафа шетелдегі қазақтардың жарық жұлдызы еді. Мен Мұстафа мен бірге өстім. Ол таэквондо мен карате өнері бойынша жаттықты. Екеуіміз жақын дос болдық. Мұстафа сыртта жүріп, әкесінің қайтыс болғанын көре алмай қалған еді. Әлі есімде бір күні кеште екеуіміз әңгімелесіп отырдық. Ол маған әкесін айтып, көзіне жас алып өзінің жазған өлеңін көрсетті. Мен оның жүрегін жарып шыққан сөздерін домбыраға салып, әуен жаздым. Бұл ән кейін «Жұлдыздарды тілейсің бе» деген атпен ел арасына тарады. Әкеге деген үлкен тебіреністен туған ән бұл күнде ел жүрегінде», дейді ол.

Сонымен бірге спортшының досы өзін қазақ еліне шақырып, «бірге жұмыс істейік», деген Мұстафаның ұсынысын уақытында қабылдап келе алмағанына өкінетіндігін жеткізді.