Мадияр Құрамысов: Париж Олимпиадасына елден соңғы болып аттанамыз

Редакция Ulyssport

Еркін күрестен Қазақстан құрамасы Париж төрінде жүлде үлестірілетін 6 салмақтың 4-уінде жүлдеге таласады. Осы орайда еркін күрестен ерлер құрамасының бас бапкері Мадияр Құрамысов дайындық бойынша өз ойымен бөлісті.

Ашық дереккөз

Токио Олимпиадасында 3 алтын, 2023 жылғы әлем чемпионатында 2 алтын иеленген Ресей Федерациясы ресми түрде жарысқа қатысудан бас тартты. Бұл сіздер үшін қандай да бір басымдық бере ме?

 – Еркін күрестен Ресей балуандары көшбасшы саналады. Олимпиададағы 6 салмақта 2-3 алтын алудың өзі бұған анық дәлел. Алайда 2023 жылы Белградта өткен әлем чемпионатының статистикасына назар аударсаңыз, кезінде Ресейде жүрген 50-ге жуық балуан өзге мемлекеттердің атынан жүлдеге таласты. Мысалы, 57 келіде Албания атынан 2022 жылғы Әлем чемпионы Зелимхан Абакаров пен Македония атынан 2022 жылғы Еуропа чемпионы Владимир Егоров бақ сынайды. 86 келіде Әзербайжан атынан Әлем чемпионатының 3 мәрте жүлдегері Осман Нұрмагомедов, Өзбекстан атынан 2024 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Жавраил Шапиев, Грекия атынан 2 дүркін Еуропа чемпионы Дәурен Куруглиев, Болгария атынан Магомед Рамазанов  жүлдеге араласады. 97 келіде Әлішер Ерғали 2023 жылы Әлем чемпионы атанған Ахмед Тажудиновты (Бахрейн) жеңуі тиіс. 

Соңғы сәтте Ресей Федерациясының бас тартуы арқасында 57 келідегі Мейрамбек Қартбайға жолдама берілді. Бұндай шешім болатынын алдын ала күттіңіздер ме? Қысқа ғана уақытта спортшымыз қалыпқа келіп үлгере ме?

- Ресей Федерациясының қысымға ұшырауы бірінші рет болып жатқан жайт емес. 2022 жылы ұйымдастырылған әлем чемпионатына да қатысуға рұқсат берілмеген еді. Сондықтан Париж Олимпиадасына  солтүстік көршіміздің қатысу-қатыспауы әуелден белгісіз болып келген.

57 келіде өткен әлем чемпионатында Мейрамбек Қартбай 6-орынға тұрақтаса, Бішкектегі құрлықтық турнирде Ерасыл Мұхтарұлы бақ сынады. Ал Стамбулдағы шешуші әлемдік іріктеуде Рахат Қалжан бір қадам қалғанда сүрінді. Міне, осы балуандар Олимпиадаға жолдамаға таласу барысында оқу-жаттығу жиындарынан қалмай, жоғары деңгейде босаңсымай күресті деуімізге болады. Париж Олимпиадасының жолдамасы кеш берілгенімен, Мейрамбек Қартбай өз бабында.

Еркін күрес шеберлері Олимпиаданың соңғы күндері бірақ жүлдеге таласады. Ал сіздер тек 5 тамызда ғана Алматыдан аттанасыздар. Сіздер үшін 3-4 күн уақыт Францияда қалыпқа келуге жеткілікті ме? Өзге елдер де соңғы сәтте бара ма?

- Еркін күрестен Олимпиада жүлделері 8-11 тамызда бірақ сарапқа салынады. Сондықтан қазір Алматы облысында шешуші оқу-жаттығу жиынын бастап кеттік. Бұйырса елден ең соңғы болып біз аттанамыз. Ал кез келген жарысқа 3-4 күн ерте бару спортта қалыптасқан жағдай.

Париж төрінде бұған дейін жарысқа қатысып па едіңіздер?

- Франция 2017 жылы әлем чемпионатын қабылдап, еркін күрестен Ақжүрек Таңатаров қола жүлдегер атанған. Бірақ дәл қазіргі құрамдағы балуандарымыз Париж бозкілемінде әлі белдесіп көрмеген.

Алматы облысында бастаған оқу-жаттығу жиынында тек сіздер ғана жаттығып жатырсыздар ма? Шетелден өзге мемлекеттер қатыса ма?

- 22 шілде күні басталған оқу-жаттығу жиынына Дағыстаннан арнайы 5 балуан шақырылды. Бұл шеберлігімізді арттырып, Парижде жүлде алуға өз септігін тигізеді деп ойлаймын.

 

Еркін күрестегі фактілер:

  • Еркін күрестен Токио Олимпиадасында Ақтөбе облысы атынан барған Нұрислам Санаев қола жүлде алған. Осы жолы бұл облыстан Мейрамбек Қартбай мен Юсуп Батырмурзаев барады.
  • Париж Олимпиадасында 61 мемлекеттен 291 балуан еркін, грек-рим және әйелдер күресі бойынша 18 жүлдені сарапқа салады.
  • Елімізден 97 келідегі Әлішер Ерғали мен 125 келідегі Юсуп Батырмурзаев бұған дейін Токио Олимпиадасына қатысып үлгерген.
  • 86 келідегі Азамат Дәулетбеков бірінші рет Париж Олимпиадасына бара жатса да, басты сенім артылады. Себебі, ол 2022, 2023 жылдары Әлем чемпионатында тұрақты түрде қола жүлдемен оралған.
  • Ресей Федерациясы Олимпиадаға қатыспағанымен, өзге елдердің атынан 20 балуаны чемпиондыққа таласады.