Келдім. Көрдім. Жеңдім. Қазақстан боксының үкілеген үміті Қоңқабаев алтын алар ма екен

Редакция Ulyssport

Қоңқабаев қамшы салдырмайды: Париж алтынын әкеледі деген боксшы жайлы не білеміз

 

Қазақстан құрамасындағы 10 боксшының ішінен Қамшыбек Қоңқабаевтың есімі ерекше аталады. Өйткені бокссүйер қауым да, саланың майын ішіп, жілігін шаққан мамандар да Қоңқабаев алтын әкеледі деп сеніп отыр.  32 жастағы спортшы +92 кг салмақ дәрежесінде рингке шығады. Ол Парижге жолдаманы алғашқылардың бірі болып жеңіп алған. Жанкүйерлер неліктен Қоңқабаев қамшы салдырмайды деп сеніп отыр, мұны Ulysmedia.kz тілшісі әзірлеген материалдан біле аласыз.

Ашық дереккөзден

Алғашқы жолдама

Париж жолдамасын Қ.Қоңқабаев жарты жыл бұрын алып қойған. Қытайлық Ханчжоуда өткен Азия ойындарында Қоңқабаев жартылай финалда үнді боксшысы Нарендерді 5:0 есебімен ұтып, финалда өзбек спортшысымен кездескен. Ежелгі қарсыласы Баходир Джалолов бұл жолы жеңісті жұлып әкетті.  

Бұл Олимпиада Қамшыбек үшін алтын алудың екінші мүмкіндігі. Жанкүйерлер Қамшыбек ежелгі қарсыласы Джалоловпен финалда жолығып, есесін қайтарады деп сенеді. Оған негіз де жоқ емес.

 

Бүгінде Қамшыбек ұлттық құрамадағы ең титулды боксшылардың бірі. Спортшының әуесқой спорттағы ең жоғары жетістіктері – 2021 жылғы Токио Олимпиадасының қола жүлдесі және 2017 және 2019 жылдардағы әлем чемпионатының күмісі. Қамшыбек кәсіпқой мансабында 2021 жылы бірінші ауыр салмақта WBA Gold әлем чемпионы белбеуін жеңіп алды.

 

Қамшыбек Қоңқабаев боксты 9-сынып оқып жүргенде бастаған. Алғашқы бапкері Сейітжан Төкенов болды. Аса ауыр салмақтағы боксшы Қазақстан құрамасының, сондай-ақ ҚР Қарулы Күштерінің намысын қорғайды. Қазір спортшы Қызылорда қаласындағы «Тарлан» бокс орталығында ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Байгундиевтің жетекшілігімен жаттығуда. Оның Жәмил Жүсіпов және Қанат Қизатов деген бапкерлері де бар.

 

Болашақ чемпионның бала күнгі арманы

Қамшыбек Қоңқабаев 1991 жылы 18 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. 2006 жылдан бері бокспен айналысады. Қамшыбек сұхбаттарының бірінде бокстағы жетістіктері үшін үлкен ағасы Асқарға қарыздар екенін айтты. Кезінде Асқар Қоңқабаев та осы спорт түрімен айналысып, інісінің қабілетін байқап, оны секцияға алып барған.

Қамшыбек ол кезде бокс туралы ойламаған да. Болашақ чемпион футболға қатты құмартқан және оны күні-түні ойнауға дайын еді.   Әйтсе де, ағасының айтқанының көңілін қалдырғысы келмей, бокс үйірмесіне барған.

 

- Бокс үйірмесіне келгенімде, бірінші жаттығудан кейін бірден осы спорт түрін ұнаттым, - дейдіҚамшыбек алғашқы сұхбатында.

- Содан кейін мен әлем чемпионы және Олимпиада чемпионы болуды мақсат еттім. Ал бүгінде бала күнгі арманыма жету үшін аянбай еңбек етіп жатырмын.

 

Қамшыбек алғашқы жеңісіне 2014 жылы қол жеткізді. Ол кезде әскерилер арасындағы әлем чемпионаты өткен-тұғын. Қамшыбек  ҚР Қарулы Күштерінің намысын қорғап, бірінші орынды жеңіп алды. Бір жылдан кейін Мунгьенде (Оңтүстік Корея) өткен Дүниежүзілік әскерилер ойындарында екінші орынды иеленді, Қазақстан спартакиадасында және Болгарияда өткен халықаралық турнирде жеңімпаз атанды.

 

2017 жылы Германияда (Гамбург) өткен әлем чемпионатында алғаш рет Қазақстан атынан өз салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Бұған дейін Қамшыбек Ташкентте өткен Азия чемпионатының финалында ринг иесі Баходир Жалоловтан ұтылған. Гамбургте өткен жарыста  Қоңқабаев ширек финалда өзбек боксшысы Б.Джалоловтан айласын асырды, алайда финалда әзербайжандық боксшы М.Меджидовтан ұтылып қалды.

 

Әуесқойдан кәсіпқойға дейінгі жол

2019 жыл қазақ боксшысының мансабындағы бетбұрыс болды. Сол кезде Екатеринбургте әлем чемпионаты өтіп жатқан. Ауыр салмақта барлық қарсыласын ұтып келе жатқан Қамшыбек өзбек боксшысы Б.Джалоловтан аса алмады. Бұл жолы өзбек спортшысы күштірек болып шықты.

Әуесқой бокстағы соңғы жарысы Токио олимпиадасы екен. Ол жартылай финалға дейін бәрін жеңіп келіп, америкалық Ричард Торрезден ұтылды.

Токио Олимпиадасына дейін-ақ Қоңқабаев кәсіпқой боксқа ауысуды ойлап жүрген. Осылайша жаңа ортада Қамшыбек намысына қамшы басты.

2020 жылдың тамызынан 2021 жылдың желтоқсанына дейін 4 кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жетті.

2021 жылдың ақпанында ол бірінші ауыр салмақтағы бос тұрған WBO Asia Pacific белбеуін иеленді. Желтоқсан айында бірінші ауыр салмақта WBA Gold нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін 12 раундтық жекпе-жек өткізді. Ол британдық боксшы Стивен Уордпен (13-1) айқасты. Төреші 7-ші раунда британиялық боксшының қабағының жарылуына байланысты жекпе-жекті тоқтатты. Бұған дейінгі раундтарда да Қоңқабаев ұпай санымен алда келе жатқан. Осылайша қазақ баласы 4-ші жекпе-жегін де жеңіспен аяқтады.

 

Бүгінгі таңда Қамшыбек Қоңқабаев кәсіпқой рингте бірінші ауыр салмақта екі титулға ие, ол - WBA Gold нұсқасы бойынша әлем чемпионы және WBO Asia Pacific нұсқасы бойынша Азия-Тынық мұхиты аймағының чемпионы.

 

Шешуші айқас!

Кәсіпқой бокстағы чемпиондық атақтары Қамшыбекке әлемдегі негізгі бокс ұйымдарының рейтингісіне кіруге мүмкіндік берді. WBA тұжырымы бойынша қазақстандық спортшы тоғызыншы, ал WBC нұсқасы бойынша 36-шы орында тұр. Алғашқы төрт жекпе-жектен кейін ол бірінші ауыр салмақтағы 45 үздік боксшының қатарына қосылды. Бұл оның кәсіпқой бокстағы мансабын жалғастыруына мол мүмкіндік береді.

Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Қамшыбек ұлттық құрамамен бірге Парижде өтетін Олимпиада ойындарына қызу дайындық үстінде.

Оқу-жаттығу жұмыстары Алматы облысындағы «Ақбұлақ» Олимпиада орталығында әзірбайжандық боксшылармен бірге өтіп жатыр.

Спорт мамандары Токиодағы Олимпиада ойындарының жеңімпазы, әлемнің екі дүркін және Азияның үш дүркін чемпионы Баходир Джалоловты басты фаворит санағанымен, алдағы Олимпиадада сенсация болатынын жоққа шығармайды. Өйткені, Қамшыбек Қоңқабаев осы уақыт аралығында шеберлігін шыңдап, қарсыласын жеңу үшін тәжірибесін шыңдай түсті.