Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында Рио олимпиадасының жеңімпазы, бүгінде кәсіпқой бокста жүрген азамат Данияр Елеусінов қызмет ұсынса баруға дайын екенін мәлім етті.
“Қызмет ұсынса барар ма едіңіз?” деп боксшыға сұрақ қойылған.
– Барар едім. Мен жай ғана креслоға отырғым келмейді. Жаңалық алып келгім келеді. Шетелге барып, оқып келгім келеді. Жаңа біліммен. Шынымен де нәтиже бере алатындай дүние жасағым келеді. Ол да спорт сияқты ғой, ол жерде де мен чемпион болғым келеді егер барсам, әзірге мен мына жерде чемпион болуды қуалап жүрмін. Олимпиада чемпионы болғым келді, ол алғашқы олимпиаданы көргеннен бергі арманым болды. Енді Г.Головкин, Б.Шүменов, Жанат Жақиянов, В.Жиров ағаларымызды көріп, осы арманымды орындағым келді. Василий Жиров Олимпиада чемпионы, Баркер кубогын алған, одан кейін кәсіпқой бокста чемпион болған. Ондай спортшы, менің ойымша, жоқ. Енді соны қайталағым келеді. Әуесқойда бәрін алдым. Енді кәсіпқойда чемпион болсам, бокспен қоштасамын. Сол кезде мен дайын боламын, бірақ бірден дайындықсыз болмайды, – дейді ол.
Данияр Елеусінов оның алдында әлемдегі белгілі промоутерлердің бірі Эдди Хирнмен серіктестігі неге үзіліп қалғанын түсіндірген еді.
Рио Олимпиадасының чемпионы, кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов Қазақстан спортының бұрынғы Олимпиадалар кезіндегі даңқын қайтару керек деп есептейді. Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында спортшы бұл бағытта өз көзқарасын айтқан.
Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz порталының ютуб-арнасынан көруге болады.