"Астана" – "Челси" матчы кезінде Алматыда көшелер алты сағатқа дейін жабылады

Редакция Ulyssport

12 желтоқсанда Алматыда УЕФА Конференциялар лигасы аясындағы "Астана" мен Лондонның "Челси" командаларының футбол матчы өтетініне байланысты стадион маңындағы аумақта автокөлік қозғалысы шектеледі, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Фото: dss-almaty.kz

Стадионға жақын аумақтарда кептелісті болдырмау үшін 12 желтоқсан сағат 18.30-дан 00.00-ге дейін төмендегі көшелерде қозғалыс шектеледі:

  • Абай даңғылы – Байтұрсынов көшесінен Мұқанов көшесіне дейін.
  • Сәтбаев көшесі – Байтурсынов көшесінен Байзақов көшесіне дейін толықтай жабылады.
    Сонымен қатар, жақын маңдағы көшелерде патрульдік полиция бекеттері қойылады.

ЖАНКҮЙЕРЛЕР НЕНІ БІЛУІ КЕРЕК

12 желтоқсанда Алматыда ауа температурасы шамамен -11 градус болады деп күтілуде, сондықтан жылы әрі ыңғайлы киінген жөн. Қауіпсіздік шараларына байланысты термос стадион аумағына кіргізуге тыйым салынады.

Бірақ стадион ішінде жанкүйерлер үшін ыстық сусындар мен жеңіл тағамдар сататын сауда орындары жұмыс істейді. Сонымен қатар, стадион айналасына биотуалеттер орнатылады.

ТРАНСФЕР

Қала әкімдігі Орталық стадионға дейін және кері қайту үшін жанкүйерлерге арналған 8 тегін автобус маршрутын ұйымдастырады (әр маршрутта 10 автобус). Қозғалыс нүктелері 2GIS қосымшасынан табуға болады:

  • Калқаман шағын ауданы (7-қалалық аурухана аялдамасы).
  • Орбита шағын ауданы (Мұстафин – Торайғыров қиылысы).
  • Айнабұлақ шағын ауданы (Макатаев – Павлодарская қиылысы).
  • Халық Арена аялдамасы (солтүстік бағыт).
  • "Алматы-1" теміржол вокзалы.
  • "Райымбек батыр" метро станциясы.
  • Наурызбай аудандық ХҚКО аялдамасы (Момышұлы – Мөнке би қиылысы).

Автобустар сағат 16.00-ден бастап толуына қарай қозғала бастайды.

Лондонның "Челси" клубы – Англия премьер-лигасының 6 дүркін чемпионы және Чемпиондар лигасының екі мәрте жеңімпазы. Сонымен қатар, клуб УЕФА Суперкубогын және Еуропа лигасын екі рет жеңіп алған.