Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Олимпиада чемпиондары Бақтияр Артаев пен Серік Сәпиевті не себепті басқармаға қызметке жібергенін айтып берді, деп хабарлайды Ulyssport.kz порталы Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап.
МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ
Таяуда Серік Сәпиев Қарағанды облысы спорт басқармасының басшысы болып тағайындалған болатын.
– Серік Сәпиевті алар болсақ, көп жыл бойы мемлекеттік қызметте болған. Дене шынықтыру және спорт комитетін үш жылдай басқарған. Арнайы мемлекеттік клубтарды басқарды. Сондықтан, Олимпиада және әлем чемпионы атақтарынан бөлек, ол азамат мемлекеттік қызметте болды. Оның жұмысын біледі. Сондықтан, ол азаматты өзі туған өңірге жіберіп, сол жерде спорттың мәселелерде қойған тапсырмаларды орындай білетін жан-жақты қасиеттері бар. Мемлекеттік, облыстық басқармаларға тағайындалуы үшін де арнайы критерийлер бар. Одан тек спортшы болған ғана азамат өте алмайды. Серік мырзаны осы үшін Қарағандыға жіберіп отырмыз, – дейді министр.
Мырзабосынов Бақтияр Артаев та мемлекеттік қызметте аудан әкімі, басқарма басшысы болғанын айтады.
– Ол да мемлекеттік қызметте еңбек еткен. Қызылорда облысына ұсыныс жасадық. Тағайындалды. Өзім де өңірлерді аралап жүріп, әр өңірге әрқандай индикаторларды қойып, жұмыс атқарамыз, – дейді Мырзабосынов.