Олимп шыңына шығу оңай ма: Бибосынов жанкүйерлер сенімін қаншалықты ақтайды

Редакция Ulyssport

Олимпиада медалін әкеледі-ау деген сенім боксшыларға көбірек артылғандай. Жеңіл салмақтағы Сәкен Бибосыновтың Олимп шыңына шығуы жеңіл бола қоймасы анық. Алайда 51 кг дейінгі салмақ дәрежесінде біздің Сәкен фавориттер қатарында. 26 жастағы боксшының бұл екінші олимпиадасы. Токиода қола жүлдегер атанған Сәкеннің Парижде көрсетер қауқары қандай екенін Ulysmedia.kz жазған мақаладан оқып біліңіз.

ашық дереккөзден

Олимпке жол

 

ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының спортшы-нұсқаушысы, кіші сержант Сәкен Бибосынов наурыз айында Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен бокстан лицензиялық  турнирде Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алды.

 

51 келіге дейінгі салмақта ширек финалдық белдесуде британдық Сиаран МакДональдты 4:0 есебімен ұтты. Сәкен Бибосыновтың бокстағы жетістігі кез келген маңдайына бұйыра бермейді. Қазір ол спорттық мансабының шыңында тұр. 26 жас деген әуесқой бокс үшін де, кәсіпқой бокс үшін де керемет жас болып саналады.

 

Бибосынов әуесқой бокста 2015 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. 2019 жылы Екатеринбургте өткен әлем чемпионатында Сәкен жартылай финалға дейін жетіп, Үндістан боксшысы Амит Пангалдан жеңіліп, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

 

2021 жылы шілдеде Сәкен Бибосынов Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Ол Пуэрто-Рико, Франция және Испания боксшыларын жеңгенімен, жартылай финалда британдық боксшы Галал Яфайдан ұтылып, қола жүлдені қанағат тұтты.

 

Токиодағы жеңілістен кейін Сәкен көзіне жас алып, алтын әкеле алмағаны үшін жанкүйерлерінен кешірім сұраған еді.

 

Алғашқы жекпе-жекте көптеген бокс сүйер қауым өзбек боксшысы Хасанбой Дусматов қазақстандықты нокдаунға түсірді деген пікір білдіргенімен, төрешілер оны есепке алмаған. Финалда тағы бір оқиға болды: жеңімпаздың аты-жөні жарияланғаннан кейін рингтегі төреші қателесіп, америкалық боксшының қолын көтерді, бірақ қате тез түзетілді, әсіресе қарсыласы Роско Хиллдің өзі Сәкенді көрсетіп, жеңілгенін жігітше мойындады.

2021 жылы Белградта (Сербия) өткен бокстан әлем чемпионатында Бибосынов бірінші раундта-ақ алтынға басты үміткер Хасанбой Дусматовты жарыс жолынан шығарды. 1/8 финалда үндістандық Дипак Бхорианы ұтты, ал 1/4 финалда – колумбиялық Юберхен Мартинесті, жартылай финалда таиландтық Саенгфет Танаратты жеңді, ал финалда американдық Роско Хиллді жеңіп, 51 кг салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды.

Осы жеңісінен кейін ол «Құрмет» орденімен марапатталды.

Сәкен Бибосынов әуесқой бокста 58 жекпе-жек өткізген. Соның 51-де жеңіп, 7-де жеңілген. 2021 жылдың желтоқсан айындағы BoxRec рейтингінде қазақстандық спортшы өз салмақ санатында филиппиндік Карло Палаамнан кейінгі екінші орынды иеленді.

 

Қараша айында Белградта өткен әлем чемпионатынан кейін Сәкен үзіліс жасады. Үйленді, бірақ жаңа жылдан бастап жаттығуға қайта кірісті. Оның жақын арадағы мақсаты – екі дүркін әлем чемпионы атанып, Парижде өтетін Олимпиадада елі үшін алтын медаль алу.

 

Өмірбаяны

Сәкен Бибосынов 1997 жылы 3 шілдеде Өзбекстанда дүниеге келіп, 13 жасына дейін сонда тұрған. Оны спорт секциясына ағасы әкелген, ағасы өзі де бұрын бокспен айналысқандықтан, осы спорттың қыр-сырын үйрететін алғашқы тәлімгері болды.

 

2000 жыл болашақ бокс жұлдызының өміріндегі бетбұрыс болды. Сәкен отбасымен бірге Қазақстанға көшіп келіп, интернатта оқуын жалғастырады. Боксшы Түркістан облысына қоныс аударып, бапкер Қадырбек Қуатбековке шәкірт болады.

 

Жаңа орнында Сәкенге тең келер қарсылас жоқ еді. Сондықтан бапкер оны Шымкенттегі жаттығулар мен спаррингтерге жиі апаратын. Қадырбек Қуатбековтың айтуынша, жас спортшы сол кездің өзінде қатарластары арасында еңбекқорлығымен, төзімділігімен көзге түскен.

 

Тынымсыз еңбектің нәтижесі көп күттірмеді. 17 жастағы Сәкен Бибосынов үшін ересектер деңгейіндегі алғашқы турнир 2015 жылдың сәуір айында Анапада өткен жарыс болды. Ол өз салмағында төрт жекпе-жек өткізіп, жеңімпаз атанды. Келесі екі жылда Бибосынов түрлі турнирлерге қатысты. 2016 және 2017 жылдардағы ел біріншіліктерінде Сәкен екінші айналымда қарсыластарына есе жіберді. Ол Қазақстан чемпионатындағы алғашқы жетістігіне2018 жылы Ақтауда қол жеткізді. Финалға шыққан Сәкен алматылық тәжірибелі боксшы Әнуар Мұзапаровтан жеңіліп қалды.

 

Жаңа белестер

Келесі жылы Астанада өткен Президент кубогында Сәкен финалға шығып, жерлесі Махмұт Сабырханды жеңді. Кубок Екатеринбургте өтетін әлем чемпионатына дайындық кезеңі болатын. Жартылай финалға шыққан Сәкен Үндістан боксшысы Амит Пангалға есе жіберіп, қола жүлдеге ие болды. Иә, Махмұт Сабырхан Сәкенде кеткен есесін  2020 жылы Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатында қайтарды.

 

Бақ шаба ма, бап шаба ма

Мамандар алдағы Парижде өтетін Олимпиада ойындарында Сәкен Бибосыновтың алтынға таласуға толық мүмкіндігі бар екеніне сенімді. Біріншіден, оның Олимпиадаға барғантәжірибесі бар. Токиода Бибосынов жеңілгеніне қарамастан, техникасы мен әлеуетін көрсетіп, алдағы Олимпиаданың фавориттерінің бірі болатынын дәлелдеді.

 

Екіншіден, Бибосынов рингтегі негізгі қарсыластарының көпшілігімен бұрын жұдырықтасқан.Мысалы, Сәкен екі дүркін әлем чемпионы, 2016 жылғы Олимпиаданың жеңімпазы өзбекстандық Хасанбой Дусматовпен 2021 және 2023 жылдары бокстасқан.

 

Тағы бір қауіпті қарсылас – үндістандық Дипак Борие. 2023 жылы Сәкенді әлем чемпионатынан шығарып жіберген де сол еді.  Дипак – халықаралық аренада өзін танытып үлгерген жас боксшы, дегенмен біздің Бибосынов та осы жылдар ішінде шеберлігін шыңдай түсті.

 

Сәкеннің тағы бір қауіпті қарсыласы – әлем чемпионаттары мен Еуропа ойындарының қола жүлдегері франциялық Биллал Беннама. Биллал - тәжірибелі және техникалық боксшы, ол өз отанында өтетін Олимпиадада медаль жеңіп алуға ұмтылатыны сөзсіз.

 

Мойындау керек, Сәкен Бибосыновты Парижде қиын сынақ күтіп тұр. 2024 жылғы Олимпиада ол үшін нағыз сынақ болмақ. Ол барлық кедергілерді еңсеріп, Олимп шыңына көтеріле ала ма? Бибосынов қол қусырып отыратындардың сойынан емес. Ол күресуге дайын және Олимпиада алтынын алуға әбден лайықты боксшы.