Астанада Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырған «Алтын тұғыр – 2024» іс-шарасында ұлттық спорт түрлері бойынша жыл үздігі атанған спортшылар марапатталды, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
Биыл «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығы 11 номинация бойынша үздік спортшыларға берілді: көкпар, бәйге, тоғызқұмалақ, асық ату, құсбегі, дәстүрлі садақ ату, joryq, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, сондай-ақ ақпараттық қолдау көрсеткені үшін.
КІМДЕР МАРАПАТТАЛДЫ
«Көкпар» номинациясы бойынша спортшы Абылайхан Нышанбеков, жаттықтырушы Еркебай Омарбек, комментатор Қамбарбек Кашигов және төрешілер Ақылбек Қымызбаев пен Ғани Ахметбаев марапатталды.
«Теңге ілу» номинациясы бойынша спортшы Рахат Комбаров пен жаттықтырушы Нұржан Әбілқасымов жеңімпаз атанды.
«Жамбы ату» номинациясы бойынша спортшы Ақәділ Пернебай мен жаттықтырушы Сәнім Мурадова марапатталды.
«Аударыспақ» номинациясы бойынша жүлделер спортшы Сырым Ізбасаров пен жаттықтырушы Біржан Қосалиевке берілді.
«Joryq» номинациясы бойынша жүлдені «Ұлы дала жорығы-2024» марафонының күміс жүлдегерлері атанған Алматы қаласының командасы жеңіп алды.
«Дәстүрлі садақ ату» номинациясында спортшылар Жәнібек Кулмирзаев пен Айкөркем Батихан, сондай-ақ жаттықтырушы Диас Миллат марапатталды.
«Бәйге» номинациясы бойынша жүлде жаттықтырушы Торебек Курманкалиевке, жокей Амангелді Хамза мен оның жылқысы Желқараға берілді.
«Құсбегі» номинациясы бойынша жүлделерді спортшылар Ерасыл Серікбекұлы, Бексұлтан Сейітжан, Иманғали Абдулкаримұлы және жаттықтырушы Елтай Мүптекеев иеленді.
«Тоғызқұмалақ» номинациясында спортшылар Салтанат Сапарбекова, Асылхан Қожанәсіп және жаттықтырушы Бауыржан Төлегенов марапатталды.
«Асық ату» номинациясы бойынша сыйлық спортшылар Камила Данияроваға, Нұрқисса Молжігітовке, жаттықтырушы Ескендір Рахметовке берілді.
Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлеріне тұрақты ақпараттық қолдау көрсеткені үшін «Qazsport» телеарнасының ұжымы «Ақпараттық әріптес» номинациясын иеленді.