Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов самбо федерациясын басқарады

Редакция Ulyssport

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов тағы бір жоғары лауазымға ие болды, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

gov.kz

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қазақстанның спорттық және жауынгерлік самбосы федерациясының президенті болып тағайындалды. Министрдің тың қызметі жайлы ақпаратты Қорғаныс министрлігі таратты. Спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының кезектен тыс отырысы Астанада өткізілген.

– Руслан Жақсылықовтың кандидатурасына федерацияның барлық мүшелері бірауыздан дауыс берді. Осы лауазымда ол Айдос Ақжановты алмастырды, – делінген хабарламада.

Министр Жақсылықов дзюдодан кеңес одағының спорт шебері, республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегері екені айтылады.

РУСЛАН ЖАҚСЫЛЫҚОВ

Руслан Жақсылықов Қорғаныс министрлігін 2022 жылдың қаңтарынан бастап басқарады. Осы уақыт ішінде ол бірнеше рет сынға ұшыраған. Жұртшылық армиядағы тұрақты жазатайым оқиғаларға, зорлық-зомбылық пен суицидтің жиілеп кеткеніне наразы.

Қазақстан армиясында 4 жыл ішінде 90-ға жуық суицид жасалған.

Жуырда Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының жатақханасында 3-курста оқитын курсант өз-өзіне қол салған болатын.

Сенат депутаты Геннадий Шиповскихтің пікірінше, сарбаз өлімі үшін әскери бөлім басшыларын трибуналға жіберу керек.

Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі Қазақстандағы әскери қызметшілерге қатысты қайғылы оқиғаларға түсініктеме берді.