Мәскеу тумасы Юлия Путинцева Қазақстан үшін өнер көрсету туралы шешімін не себепті қабылдағанын айтты, деп хабарлайды Ulyssport.
2012 жылға дейін Путинцева Ресей атынан шығып, әлемдегі ең перспективалы теннисшілердің бірі болып саналды. Қазіргі уақытта 29 жастағы Путинцева әлемдік рейтингте 29-орында тұр және WTA турының жекелей разрядындағы үш турнирінің жеңімпазы.
«Бірнеше себеп болды, тек қаржылық жағы ғана емес. Ресейде мен жасөспірімдер арасында, 14 жасқа дейін, 12 жасқа дейінгі топтарда көшбасшылардың бірі болдым. Әрдайым ерекшеленіп жүретінмін. Бірақ Ресейде маған тегін жаттығуға еш жерде мүмкіндік бермеді. Әкем барлық корттарға өзі төледі. Қыста қиын болды, өйткені уақыт шектеулі, ал корттар қымбат. Корттан бөлек, жаттықтырушыға, доптарға, бүкіл процестерге ақша төлеу керек.
Қазақстанда маған жақсы жағдайлар ұсынды, жаттығу базаларын берді. Алғаш рет барғанымда, бірден маған доптар салынған қорапты ұсынды. Әкем: «Мынау не деген керемет, жаңа қорап доптар!» – деді. Мәскеуде бір қорап доп бір айға жетеді. Ал мұнда бір аптаға келсең де, бір қорап береді. Әкем: «Опа, Мәскеуге алып кетуге бола ма?» – деп күлді.
Маған әрдайым керемет жаттығу жағдайларын жасап отырды. Жаттықтырушылар келіп, көмектесіп, серіктес болатын адамдармен қамтамасыз етті. Әрине, саған осындай жағдай жасалса, ештеңе жасалмаған жағдайға қарағанда әлдеқайда жақсы.
Сонымен қатар маған уайлд-карт бермеді. Кремль Кубогына да, Петербургке де, басқа жерлерге де.
«Басқа ойыншылар бар, олар үлкенірек, лайықты» деп түсіндіретін. Бірақ мен ешқашан түсінбейтінмін, өйткені уайлд-карт маған қарағанда жеңілетін, бірақ 16 жасқа дейінгі Еуропа чемпионатында жақсы нәтиже көрсеткен ойыншыларға берілетін. Мен 18 жасқа дейінгі турнирлерде ойнап, жиырмалықта тұрғанда, сол қыздарға мүмкіндік берілетін.
Осындай түсініксіз жағдайлар көп болды. Әкем ренжіп, біз Қазақстанға ұшып кеттік, сонда жаттыға бастадық. Ұсыныс түсті, біз келістік. Мен нақты айта аламын: Қазақстанның арқасында қазір осы деңгейге жеттім. Себебі маған жаттығуға, дайындыққа барынша өз мүмкіндігімді көрсету үшін жағдай жасалды», – деді Путинцева YouTube-арнасы «Лучший теннисный подкастқа» берген сұхбатында.