Қазақстан Парижде Орталық Азия ҰОК өкілдерінің кездесуін өткізді

Гүлнұр Қуанышбекқызы

2024 жылғы Олимпиада қарсаңында Қазақстан ҰОК Париж төрінде Орталық Азия елдеріндегі ҰОК өкілдерінің кездесуін өткізді, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

КЕЗДЕСУГЕ КІМДЕР ҚАТЫСТЫ?

Іс-шараға  танымал тұлғалар қатысты. ХОК Сессиясына байланысты тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, аталған жиынға Азия Олимпиада одағының қазіргі президенті әрі ХОК мүшесі Раджа Рандхир Сингх, ҰОК-термен қарым-қатынас, Олимпиадалық ынтымақтастық және Олимпизм 365 жөніндегі ХОК директоры Джеймс Маклод, ХОК директорының орынбасары Оливье Ниамки мен Азиядағы ынтымақтастық жайлы ХОК олимпиадалық бағдарламасының үйлестіруші Эдвард Кенсингтон қатысты. 

“Біз ортақ мүдделер үшін жұмыс істейтін бір отбасымыз. Сондықтан, сіздердің бастамашыл ұсыныстарыңыз бәрімізді мақсатқа жету жолында біріктіреді. Орталық Азиядағы спортты дамытуға бағытталған барлық бастамаларыңызды ХОК қолдайтынына сенімдімін», - деді Сингх.

Отырысқа Орталық Азиядағы АОК қатарына енетін Қазақстан,  Қырғызстан, Ауғанстан, Иран, Тәжікстан, Түркменстан және Өзбекстанның ҰОК президенттері мен бас хатшылары қатысты. 

НЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ?

Жиын барысында аймақта бірлесіп жұмыс істеуге қатысты сұрақтар талқыланды. Кездесудегі басты тақырыптардың  бірі – 2005 жылдан бері өткізілмеген Орталық Азия ойындарын қайта жаңғырту мәселесі болатын. Қазақстан ойын бағдарламасын 10-12 олимпиадалық спорт түрлеріне дейін қысқартып, қатысушылардың жас санатын  14-18 жас аралығына жеткізуді ұсынды. Себебі, бұл ұлттық құрамалардың резервін жетілдіруге мүмкіндік береді. 

«Халықаралық Олимпиада комитеті, Азия Олимпиадалық кеңесі мен Орталық Азиядағы әріптестерімізге Олимпиада қарсаңындағы қарбаласқа қарамастан уақыт бөліп, біздің бастамамызды қолдағаны үшін алғыс айтамын. Біздің мақсатымыз айқын – бұл аймақтағы ғана емес, ХОК пен АОК-тегі әріптестерімізбен серіктестікті нығайту. Күшімізді біріктіру арқылы біз атлеттерімізге, ҰОК-терімізге және ғаламдық олимпиадалық қозғалыстың дамуына мүмкіндік жасап, биік белестерді бағындыратынымызға сенемін»,  - деп атап өтті Геннадий Головкин.