"Төрехан Сабырханнан керемет өнер күттік". Бас бапкерді таң қалдырған кімдер

Редакция Ulyssport

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы жаңа маусымдағы алғашқы халықаралық турнирін ақпан айының басында Испанияда өткізеді. Бұл туралы бас бапкер Қайрат Сәтжанов  Olympic.kz сайтына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Ulyssport.

Ulysmedia коллажы

ҚАЗАҚСТАН БІРІНШІЛІГІНДЕ ТАҢҚАЛДЫРҒАН БОКСШЫЛАР

Құрлық чемпионатынан кейін бірден Қарағандыда Қазақстан чемпионатын өткіздік. Азия біріншілігінда жақсы өнер көрсеткендер оған қатыспады. Яғни, біз басқа боксшыларға өздерін дәлелдеуге мүмкіндік бердік және үмітіміз ақталды.

Көп жас жігіт назарға ілікті. Атап айтсақ , 48 келіге дейінгі салмақта Нұрзат Оңғаров жақсы өнер көрсетті. Ол 2005 жылы дүниеге келген. Ақтық сынға дейін шығып, спорттық мансабында сегізінші ел біріншілігін жеңіп алған тәжірибелі Теміртас Жүсіповке ғана есе жіберді.

ӨНЕРЛЕРІ ТӘНТІ ЕТТІ

Даниял Сәбит пен Тимур Қабдешов Қазақстан чемпионы атанды. Көрсеткен өнерлеріне риза болдық. Ақтілек Орынбасар, Шыңғыс Мусинов, Талғат Сарымбетов те оң нәтижеге қол жеткізді.

ҚАРСЫЛАСЫ ТӨРЕХАН САБЫРХАН

Санатәлі Төлтаев үзілістен кейінгі шаршы алаңда бабында болды. Өкінішке қарай, мәреге таяғанда ауырып қалып, рингке шыға алмады. Барлығы Төлтаевтың Төрехан Сабырханмен «алтын» үшін жұдырықтасатын жекпе-жегін күтті. Сондай-ақ, алматылық Алмат Әбдуәлидің өнерін атап өтер едім. Жас боксшы жанып тұр.

ТАҒЫ КІМ

Фарух Тоқтасынов пен Аман Қонысбеков жақсы айқасты. Сабыржан Аққалықовтың техникасы мықты екен, барлық жекпе-жегін жақсы өткізді.Дәулет Төлемісов 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде екінші орынға тұрақтаған ымен, өзін жақсы қырынан көрсетті.

Тағы кім? Ағайынды Нұрлан мен Даниал Сапарбай, Темірлан Мұқатаев, Ертуған Зейнуллиновтар.

ТӨРЕХАННАН КЕРЕМЕТ КҮРЕСТІ КҮТТІК

Сондай-ақ, әрине, Төрехан Сабырхан. Бірақ ол бізді таң қалдырмады. Біз одан керемет бокс күткен едік. Ол өз жекпе-жегін әдемі өткізіп, «Қазақстан чемпионатының үздік боксшысы» атанды.

КОМАНДАНЫҢ АЛДАҒЫ ЖОСПАРЫ ЖӘНЕ ЖЫЛДЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖАРЫСТАРЫ ТУРАЛЫ

Қаңтардың 13-і мен 31-і аралығында бізде оқу-жаттығу болады. Жиын Түркістан облысындағы «Алма-Тау» базасында өтеді. Оған бірінші, екінші, үшінші, төртінші нөмірлі боксшыларды шақырамыз. Содан кейін 25 қаңтарда Испанияға екі құрамды жібереміз, онда бір апталық оқу-жаттығу жиыны жоспарланып отыр, одан соң 3-9 ақпан аралығында турнир өтеді.

Қалған екі құрам оқу-жаттығу жиыны аяқталғанша Түркістан облысында болады, одан кейін Болгарияға аттанады. Өздеріңіз білесіздер, онда ірі халықаралық турнирлердің бірі «Странджа Кубогы» өтіп жатыр. Оған көптеген жетекші командалар келеді. Олармен оқу-жаттығу жиынын өткіземіз, ал жарыс 23 ақпанда басталады.

20 наурыздан бастап біз  Ресейдегі Кисловодскі базасында бірлескен оқу-жаттығу жиындарына қатысамыз. Бізбен бірге Ресей, Өзбекстан, Беларусь және Өзбекстанның негізгі құрамалары бар бірнеше құрамалар жаттығады. Ол жерден Хабаровскідегі халықаралық стартқа ұшамыз. Биылғы басты турнирлер – екі әлем чемпионаты және құрлық біріншілігі.

НҰРБЕК ОРАЛБАЙ ОТАДАН КЕЙІН ҚҰРАМАҒА ҚАШАН ОРАЛАДЫ?

Нұрбек Оралбайға келсек, ол айығып келеді. Алдағы 13 қаңтарда басталатын оқу-жаттығу жиынында ұлттық құрама сабында өз ісіне кіріседі.