Аустралия ашық чемпионатының бірінші айналымында қазақстандық теннисші Елена Рыбакина 16 жасар Аустралия спортшысын 6:1, 6:1 есебімен ұтты, деп хабарлайды ulyssport.kz
Бүгін Мельбурн қаласында Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина дүниежүзілік рейтингіде 293-орында тұрған 16 жастағы аустралиялық Эмерсон Джонске қарсы матч өткізді. Небәрі 53 минутқа созылған кездесуде 11 эйс орындағын Елена ойын барысында қарсыласына 5 рет брейк жасады. Қорытынды есеп 6:1, 6:1.
Былтырға қарағанда биыл эйске көп көңіл бөлмеймін. Нақты бір жерді көздеп, сапаға назар аударамын. Бұл жаңа бапкерім Горанмен алдын ала жоспарланған мәселе. Бапкерім демекші, бір-бірімізді әлі де танып жатырмыз. Әріптестігіміздің нәтижесін әлі айту ерте, - Елена Рыбакина.
Рыбакинаның келесі айналымдағы қарсыласы белгілі болды. Ол турнирден арнайы шақырту алған (WC), әлемнің 191-ракеткасы, 17 жастағы америкалық Ива Йович. Теннисшілер осыған дейін кортта кездеспеген. Матч бейсенбі күні өтеді.