Еркін күрес: Эльмира Сыздықова Францияда өткен Гран При турнирінде чемпион атанды

Редакция Ulyssport

Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова мен Гүлдана Бекеш Францияның Ницце қаласында еркін күрестен өткен Henry Deglane Гран При турнирінде ел қоржынына қос алтын салды, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

ҰОК

Қазақстан күрес федерациясының мәліметінше, Эльмира Сыздықова 76 келіге дейінгі салмақта барлық қарсыласын айқын жеңіп, турнирдің алтын медаліне қол жеткізген.

Ал Гүлдана Бекеш 59 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды.

Айта кетейік, Гүлдана Бекеш соңғы рет 2024 жылы  жастар арасындағы Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды. Ал, Эльмира Сыздықова да 2024 жылы құрлық біріншілігінің қола жүлде алған болатын.

Бұған дейін елімізде 20 және 23 дейінгі әйелдер құрамасының балуандары Үндістанда оқу-жаттығу жиындарын бастағаны белгілі болды. Аталған сында отандық бозкілем шеберлеріне Олимпиада чемпионы, канадалық Эрика Уибе шеберлік сағатын өткізетіні айтылды.