Городко фристайл-могулдан Әлем кубогы кезеңінде күміс медаль иеленді

Редакция Ulyssport

Фристайл-могулдан Қазақстан құрамасының спортшысы Анастасия Городко Канаданың Вал-Сент-Ком курортында өткен Әлем кубогының кезеңінде күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды Ulyssport.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап.

ҰОК

Спортшы параллельді могулда сәтті өнер көрсетті. Жарыс барысында Городко жартылай финалда Францияның олимпиада чемпионы Перрин Лаффонды жеңді.

Шешуші жарыста қазақстандық спортшы АҚШ өкілі Джейлин Кауфпен кездесті. Нәтижесінде америкалық спортшы басымдық танытты.

Қола медальды Лаффон иеленсе, Юлия Галышева тоғызыншы орынға, ал Аяулым Әмренова 13-орынға тұрақтады.

Еске сала кетсек, 1 ақпан күні конькимен жүгіруден Қазақстан жасөспірімдер құрамасының спортшысы Алина Дауранова Италияның Коллальбо қаласында өткен Әлем кубогының кезеңінде жеңіске жетіп, алтын медаль иеленді.