Қазақстан құрамасы Қытайдың Харбин қаласында өткен 2025 жылғы Азия ойындарында бірқатар тарихи нәтижеге қол жеткізді. Әсіресе, фаворит саналмаған спорт түрлерінде жеткен жетістіктері сарапшылардың ойын өзгертті. Харбиндегі Азиадада есте қалған сәттер туралы Olympic.kz шолу жасады, деп хабарлайды Ulyssport.
2025 жылғы Азия ойындарына 34 елден 1000-нан астам спортшы қатысты. Қазақстан құрамасының атынан 137 спортшы Харбинде өнер көрсетті. Құрама туын хоккейші Әділ Бекетаев пен шорт-трекші Ольга Тихонова көтеріп шықты.
Ашылу салтанаты Харбиннен Қытайдың басқа аймақтарына, кейін бүкіл Азияға бағытталған поэтикалық саяхатқа ұқсады. Шоу үш тақырыптық бөлімнен тұрды: қыс мезгілінің құдыретіне арналған арнау, қысқы спорт түрлерінің рухын көрсету және Азия халықтарының тығыз байланысына құрмет, сондай-ақ баланың өсіп-жетілуі, армандары, ұмтылыстары мен өзін-өзі жүзеге асыруы туралы лирикалық хикая.
Керекті визуалды эффектілерге қол жеткізу үшін интерактивті бейнелер, жасанды интеллект және толықтырылған виртуалды шындық қолданылды. Шарада 1000-нан астам адам өнер көрсетті.
Ашылу салтанатынан кейінгі алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасы үш медаль жеңіп алды. Бірінші болып шорт-трекшілер көзге түсті. Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Абзал Әжғалиев, Мерсаид Жақсыбаев, Яна Хан, Малика Ермек, Ольга Тихонова және Алина Әжғалиева аралас эстафетада күміс жүлдеге ие болды.
Конькимен жүгіруші Евгений Кошкин әлемдегі ең жылдам спортшылардың бірі екенін дәлелдеп, 100 метр қашықтықта екінші орын алды.
Шаңғы жарысында тарихи сәт болды: Константин Борцов спринтте күміс жүлдеге ие болып, отбасының Азия ойындарындағы жетістігін жалғастырды. 1996 жылы Харбинде оның әкесі Владимир Борцов үш медаль жеңіп алған, соның ішінде бір алтын.
"Ұлымды тұғырда көру – шексіз қуаныш. Осыдан 30 жыл бұрын дәл сол жерде мен тұрдым, енді ұлым, менің шәкіртім бұл белесті бағындырды. Ол көп еңбектенді, осы жетістікке жетуге талпынды. Харбинге келерде оған: «Мүмкін, тарих қайталанар?» – дедім. Костя: «Көрейік», – деп жауап берді. Нәтижесінде дәл солай болды. Мен шексіз бақыттымын, тіпті денемді ерекше толқу биледі," – деді Владимир Борцов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында.
Аяна Жолдас ауыр жарақаттан кейін спортқа жарқын түрде оралды. Ол фристайл-акробатикадан үш медаль еншіледі: бір күміс және екі қола. Айта кету керек, ол толыққанды секіруді тек осы жылдың қаңтарында бастаған.
- Ота жасатқаннан кейін Азия ойындарына дайындалдым. Сондай-ақ Олимпиадаға да дайындық жүріп жатыр. Жазғы маусымды қалпыма келіп алу үшін өткізіп алдым. Желтоқсанда командамен жаттығуды бастауым керек еді, бірақ күтпеген жағдай болды: шаңғымен сырғанап жүрген турист мені қағып кетті. Қолым сынды, қайтадан реабилитациядан өтуге тура келді.
Америкаға аттанар алдында ғана гипстен құтылып, жаттығуға кірістім. Екі күн сальто жасап, кейін екі айналымды бастадым. Бірден жарысқа қатыстым. Жақсы нәтиже көрсете алдым, жерге сәтті түстім. Сол кезде де, қазір де өте бақыттымын. Қысқа мерзімде Азия ойындарына ғана емес, жүлде тұғырына да көтеріле алғаным – мен үшін маңызды жетістік," – деді спортшы.
Сондай-ақ Ардана Маханова жарақатына қарамастан үшінші нәтиже көрсетті.
Шорт-тректен Қазақстан ерлер құрамасы эстафетада тарихи жеңіске қол жеткізді. Бұл бәсекеде әдетте Қытай мен Оңтүстік Корея жеңеді деген болжау бар еді. Алайда, соңғы айналымда осы екі құрама бірінші орын үшін күресіп жатқанда, олардың қателігін ұтымды пайдаланған Әділ Ғалиахметов жылдамдықты үдетіп, Олимпиада чемпиондарын артта қалдырды.
Чемпион атанған спортшылар: Денис Никиша, Абзал Әжғалиев, Әділ Ғалиахметов, Глеб Ивченко, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Насен. Бұған дейін қазақстандықтар бұл спорт түрінен медаль алмаған еді.
"Біз нәтижеге көңіліміз толады. Ең бастысы, Азияның көшбасшыларымен тайталаса алатынымызды көрсеттік. Бізді мойындайды, құрметтейді. Командада тамаша атмосфера мен өзара қолдау бар," – деді бас бапкер Петр Гамидов.
Фристайл-акробатикадан Қазақстан құрамасының спортшылары Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов ел тарихында алғаш рет Азия ойындарының алтынын жеңіп алды. Олар синхронды секіруде әлемдік көшбасшы саналатын Қытай құрамасын артта қалдырды. Қарсыластардың сапында Олимпиада чемпионы Ци Гуанпу да болды.
Биатлон жарыстарында Қазақстан құрамасынан екі спортшы жүлдеге ие болды. Ерлер арасындағы спринттік жарыста Владислав Киреев алтын алса, Вадим Куралес екінші болып мәре сызығын кесті.
Эстафетада да Киреев құраманы күміс медальға жетеледі. Ол жарыстың соңғы кезеңінде Қазақстанды екінші орынға шығарды.
- Бірінші ату айлағына келгенде, мен шамамен бір минутқа қалып жатқан едім. Әрине, бұл көп. Бірақ бұл – биатлон. Күрес әрдайым соңғы оққа дейін жалғасады. Сондықтан жағдай бізге қарай өзгеруі мүмкін еді. Нәтижесінде өз орнымды жақсарта алдым, бұған өте қуаныштымын. Тік тұрып атқанда тек бір қосымша оқ қолдандым.
Екінші ату кезінде сәл асығыстық таныттым, бірақ еш қиындықсыз жауып, содан кейін екінші орын үшін күреске кірістім, себебі Қытай құрамасы екі айып айналымын жүріп өтті. Олардың биатлоншысы трассаға тура алдымнан – жеті-сегіз секунд бұрын шықты. Менде күш бар екенін түсініп, бірінші өрге көтерілуде оны қуып жеттім. Мен оны титықтатуға тырыстым, өйткені ол дерлік жаяу келе жатты. Екеуміз де жігерлене түстік. Сосын соңғы бұрылыстан кейін өрге көтерілгенде, мен жылдамдықты үдете бастадым. Нәтижесінде қол жеткен артықшылықты сақтап, екінші болып мәреге жеттім," - деді Владислав Киреев дарыстан кейін.
Шайбалы хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы Азиядағы хоккейдің көшбасшысы екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, бесінші рет чемпион атанды. Ал әйелдер құрамасы тарихта алғаш рет күміс жүлде еншіледі. Бұған дейін олар тек алтын немесе қола медаль алған болатын.
Қазақстан құрамасы жалпы 4 алтын, 9 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтады.