Қазақстанның 19 жасқа дейінгі футболшылар құрамасының бас бапкері Александр Кузнецов өз қызметінен кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulyssport.
ОТСТАВКА
Кузнецов отставкасының нақты себебін ашып айтпады. Тек қызметі қысқартылғанын хабарлады. Сонымен бірге, бапкер құрамадағы жұмысы барысында жеткен нәтижелерді еске салды:
УЕФА ұйымдастырған "Даму турниріндегі" жеңіс,
Қазақстан Президенті кубогындағы бірінші орын,
Гранаткин мемориалының күміс медалі және басқа да жетістіктер.
– Ел намысын қорғау және көкіректерінде туы бар, алаңда намыспен ойнайтын жас әрі жігерлі ойыншылармен жұмыс істеу – мен үшін үлкен абырой әрі жауапкершілік болды. Мен қызметімнен қымқартылдым. Мән-жайға терең үңілмей-ақ қояйын. Бұл жағдайды сабырмен қабылдаймын, – деп жазды Кузнецов өзінің мәлімдемесінде.
Айта кетейік, Александр Кузнецов тәрбиелеген футболшылардың бірқатары жастар және ұлттық құрамалар сапында алғаш рет алаңға шыққан.