Данияр Елеусінов пен Иван Дычконың келесі жекпе-жегі қашан өтетіні белгілі болды

Дастан Кенжалин

IBO тұжырымы бойынша бұрынғы әлем чемпионы Данияр Елеусінов (12-0, 7 КО) және аса ауыр салмақтағы боксшы Иван Дычко (14-0, 13 КО) жақын арада рингке қайта оралмақ, деп хабарлайды Ulyssport.

Ашық дереккөзден

Қос қазақстандық боксшының келесі кездесуі 19 шілдеге жоспарланған. Жекпе-жек АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Вашингтон қаласында өтеді. Дегенмен, әзірге қарсыластарының есімдері ресми түрде жарияланған жоқ.

Қазіргі уақытта Данияр мен Иван Питтсбург қаласы маңындағы белгілі жаттықтырушы Том Янкеллоның залында дайындықтарын пысықтап жатыр.

Айта кетейік, Данияр Елеусінов соңғы рет 2023 жылдың 28 қыркүйегінде Алматыда шаршы алаңға шығып, филиппиндік Джо Нойнаны (23-5-2, 11 КО) мерзімінен бұрын жеңген еді. Ал Иван Дычко соңғы рет 2024 жылдың тамыз айында АҚШ-тың Плант-Сити қаласында америкалық Крейг Льюисті (15-8-1, 8 КО) нокаутқа түсіріп, содан бері жекпе-жек өткізген жоқ.