Уимблдон-2025: қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды

Ерик Ильясов

30 маусым мен 13 шілде аралығында Ұлыбританияның Лондон қаласында ең беделді «Үлкен дулыға» турнирі болып саналатын Уимблдон жарысы өтеді. Бүгін, яғни 27 маусым күні, турнирдің ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сын бойыша жеребе тарту рәсімі өтті, деп хабарлайды ulyssport.kz

Wimbledon

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик бірінші раундта испаниялық Хауме Мунармен кездеседі. Квалификация кезеңінде жеңіске жетіп, алғашқы рет "Үлкен дулыға" турнирінің негізгі кезеңінде өнер көрсететін Бейбіт Жукаев Италия спортшысы Флавио Коболлимен шеберлік байқасатын болды. Тағы бір қазақстандық Александр Шевченко АҚШ теннисшісі Райли Опелкамен сынға түседі.

Ал әйелдер арасында әлемнің 11-ракеткасы Елена Рыбакина армениялық Элина Аванесянмен алғашқы матчын өткізуді жоспарласа, Юлия Путинцева әлемнің 12-ракеткасы Аманда Анисимовамен кездесетін болды.

Жұптық сында бақ сынайтын теннисшілеріміздің қарсыластары енді белгілі болады. 

Еске салайық, ерлер арасындағы жекелей сында турнирге қатысудан үш теннисші бас тартты. Олар: Каспер Рууд, Артюр Фис және Себастьян Корда. Ал әйелдер жағындағы мықты теннисшілердің барлығы жарысқа толық құрамда қатысады.

Биыл Уимблдон турнирінің жүлде қоры 53,5 миллион фунт стерлингті (73,44 миллион АҚШ долларын) құрайды.

2025 жылы ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сында чемпион атанған теннисшілердің әрқайсысы 3 миллион фунт стерлинг (шамамен 4 миллион АҚШ доллары) алады:

  • Финалистер - 1,52 миллион фунт (2 миллион доллар)

  • Жартылай финалистер - 775 мың фунт (1 миллион доллар)

  • Ширек финалистер - 400 мың фунт (540 мың доллар)

  • 1-раундта жеңілген ойыншылар - 66 мың фунт (89 мың доллар).

Уимблдон турнирінің бірінші айналымдық ойындары 30 маусым күні басталады. Әйелдер арасындағы финал 12 шілде, ал ерлер финалы 13 шілде өтеді.