Қазақ теннисшісі Жукаев: Уимблдонға бапкерсіз, еш қолдаусыз келдім

Редакция Ulyssport

Уимблдон турнирінде Бейбіт Жұқаев алғаш рет өзінің мансабында «Үлкен дулыға» турнирінің негізгі кезеңінде өнер көрсетті. Бұл қазақстандық ерлер теннисі үшін тарихи жетістік. Уимблдондағы теннис сарапшысы Ерік Ильясовке Ulyssport.kz үшін берген сұхбатында ол өз әсерімен бөлісіп, алдағы жоспарлары туралы айтты. 

Коллаж

- Бейбіт, бүгін Ұлыбритания ашық чемпионатында кездескенімізге, әйгілі Орталық корттың қасында өткен ойыныңды тамашалағаныма, Уимблдонда екі қазақ болып әңгімелесіп отырғанымызға қатты қуанып отырмын. Не дегенмен сен Үлкен Дулыға” турнирінің негізгі кезеңінде ойнаған алғаш қазақ ретінде тарихта қаласың. Турнирден қандай әсер алдың? Коболлимен өткен матч туралы не дейсің?

- “Үлкен Дулығабылтырдан бері армандап жүрген мақсатым еді. Әсіресе Уимблдон сияқты турнирде ойнау орындалған арман. Өте қуаныштымын. Алайда бүгін италиялық қарсыласыммен өткен матчтағы деңгейіме көңілім толмады. Мүмкіндік болғанымен, кездесудің басынан-ақ қиын болды. Қарсыласым қазіргі таңда ТОП-25-ке кіреді. Бұл жайдан-жай емес. Жалпы ойын деңгейі жағынан ірі турнирлерде тұрақты ойнайтын, ATP жарыстарына қатысып жүрген ойыншы, Квалификациядан өткен ойыншылармен салыстырғанда айқын айырмашылық сезіледі. Коболли тәжірибелі, үздік ондықтағы ойыншылармен жиі кездесіп жүреді. Бүгінгі кездесуде осы тәжірибе көп нәрсені шешті. Ойынға жоспармен шықтым. Бірақ қарсыласым бірден өз қарқынын орнатып, өте жылдам ойнады. Алғашқы геймде брейкпоинт болды, алайда сәттілік жетіспеді. Егер сол геймде брейк жасасам, мүлде басқа нәтиже болар ма еді?! Екінші сетте де сетболым болды. Оның бойы ұзын емес. Бірақ подачасы таң қалдырды. Допты іске қосуда одан мұндай деңгей күтпедім. Бірінші доптары өте жақсы өтті. Үшінші сетте сенімді ойнап, тіпті кей соққыларды «жабық көзбен» дөп тигізіп жатты. Мен соңына дейін күрестім, бірақ тәжірибе жетіспеді, ал ол өте мықты ойнады

Біле білсем, ең көп қаржы командаға, яғни жаттықтырушы тобына кетеді. Қазіргі жаттықтырушыларыңыз туралы айтсаңыз. Командада кімдер бар?

Қазіргі уақытта менің ресми бапкерім жоқ. Уимблдонға бір апта қалғанда Мексикадан келген бір фитнес-бапкерді шақырдым. Онымен алдағы екі аптадай байқап көріп, әрі қарай бірлесіп жұмыс істеуге бола ма, соны анықтаймыз.
Бұған дейін жарты жылдай хорват жаттықтырушымен жұмыс істедім, бірақ тұрақты түрде емес. Кей кезде Александр Недовесовпен де жаттықтым. Ол кезде Федерация (Қазақстан теннис федерациясы
) қаржылай көмектескен еді, бірақ дәл қазір Федерация жағынан маған қолдау жоқ. Бір айдан бері, мүмкін одан да көп уақыттан бері. Келісім шартымыз жоқ. Теннис бойынша жаттықтырушым да жоқ, қолдау да жоқ.

Матч кезінде боксыңызда (box – стадионда теннисшінің командасына берілетін орын) отырған адамға назар аудардым. Бапкерің деп ойладық. Ол кім?

Ол - Украинадан келген танысым. Осыдан бес жыл бұрын танысқанбыз. Бұл жолы басқа ойыншымен бірге квалификацияға келіпті. Менің бапкерім жоқ екенін білген соң, матчта қолдау қажет пе деп өзі сұрады. Мен келістім, неге болмасқа? Өзі де бұрын теннисші болған. Түсінеді. Мүмкін, болашақта бірге жұмыс істейтін шығармыз, бірақ нақты шешім әлі жоқ.

Соңғы жылдары есіміңді жиі естиміз. Ойыныңның қай тұстарын жақсарттың? Тағы қай жағына көңіл бөлесің?

Форхэндымды (оң жақтан соғатын соққы) жақсарттым және өз подачамнан кейінгі алғашқы екі соққыны да жақсарттым. Бұл өте маңызды. Подачам жақсы болғанымен, оны да әрі қарай жетілдіруге болады. Сондай-ақ, аяқпен жұмыс, қабылдау, торға қарай шығу, волей сияқты техникалық аспектілермен жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Жақын арада соған көңіл бөлемін.

Өзің де жасөспірім болдың. Келесі апта Уимблдонның жасөспірімдер турниріне Заңғар, Әмір, Дамир секілді ұлдар келе жатыр. Қандай кеңес берер едің? Жалпы араласасыңдар ма?

Шынымды айтсам, жас ойыншылармен көп араласпайды екенмін. Бірақ ең маңыздысы - дұрыс орта, дұрыс адамдардың айналаңда болуы. Әрине бұл оңай емес. Әр адам әртүрлі. Кез келген жақсы бапкер міндетті түрде саған сәйкес келеді, нәтиже болады болады деген қате пікір. Әр спортшының өз артықшылығы болады: біреуінде - подача, екіншісінде - қозғалыс, ал үшіншісінде - төзімділік. Кешенді түрде дұрым жұмыс істесең ғана нәтиже көрсетуге, табысқа жетуге болады.

Жақын арадағы жоспарың қандай?

Қазір үйге қайтамын. Бір-екі апта демалып, отбасыммен жоспар құрамыз. (Е.Ильясов: Астанаға ма?). Жоқ, Алматыда. Астанада мені ешкім күтіп отырған жоқ. Алматыда болатын шығармын. ОФП бойынша жаттықтырушымды өзіммен бірге ала кетемін. Мүмкін Украинадан келген досымды да ертіп барамын. Әлі нақты шешпедік. Сосын Америка сериясын ойнауды жоспарлап отырмын. Егер ATP турнирлеріне өтіп жатсам, жақсы болар еді. Болмаса Челленджер ойнаймын. US Open-ның да ауылы алыс емес. Екі айдан аз уақыт қалды.

Сұхбат үшін рахмет, Бейбіт! Бәрі жақсы болып, алдағы уақытта қажетті барлық қолдауға ие боласың деп үміттенемін. US OPEN-да кездесейік!

Авторы: Ерік Ильясов