Александр Бублик алғаш рет топырақ төсенішіндегі турнирде топ жарды

Редакция Ulyssport

Қазақстанның бірінші, әлемнің 34-ракеткасы Александр Бублик Гштаад (Швейцария) ATP 250 турнирінде үздік шықты, деп хабарлайды Ulyssport.

Қазақстан теннис федерациясы

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақстандық теннисші осыған дейін ATP турнирлерінде 12 рет финалға шығып, соның бесеуінде чемпион атанған. Сондай-ақ бұл — Бубликтің топырақ төсенішіндегі жарыстағы алғашқы финалы. Отандасымызға шешуші бәсекеде дүниежүзілік рейтингіде 109-орында тұрған Хуан-Мануэль Серундоло қарсы келді.

Финалдық матчты қарсыластар брейк алмасумен бастады – 1:1. Бублик партияны брейкпен тәмамдай алды – 6:4. 

Екінші сетте есеп 2:2 болған мезетте Серундоло брейк жасап кетті – 3:2. Дегенмен қазақстандық спортшы таразы басын теңестірді – 4:4. Бірақ сол бойда қателікке бой алдырып, өз геймін беріп қойды – 4:5. Серундоло сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4. Үшінші, шешуші партияда Бублик брейк жасап, 5:2 есебімен алға шықты. Ақыры ойынды жеңіспен түйіндей білді – 6:3.

Осылайша Александр Бублик алғаш рет топырақ төсенішіндегі турнирде жеңімпаз болды. Бұл – оның спорттық жолындағы ATP жарыстарындағы алтыншы, биылғы екінші титулы.